Скрипкаға арналған үздік миниатюралар

Танымал қазақстандық музыканттар тыңдарман назарына «Скрипкаға арналған миниатюралар кешін» ұсынбақ. Концерт 1 ақпан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді.

 

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын керемет аспапшылар – Асқар Дүйсенбаев, Мәдина Бекмадиева (скрипкалар), Дамир Сұлтанов (баян), Арман Жайым, Дана Дүйсенбаева (фортепиано), Мирхан Капаров (домбыра), Алмат Сайжан (қыл-қобыз) өз өнерлерімен қуантпақ.

Скрипкаға арналған әсерлі де тамаша миниатюралар тыңдарманның көңілінен шығып, махаббатын жаулап алған, себебі өнерсүйер қауым олардың әсем әуенін, сан-алуан көңіл-күйін, сезімдер байлығын толыққанды тамашалап, ләззат алу мүмкіндігіне ие.

Еске салар болсақ, музыкадағы миниатюралар деп шағын аспаптық, вокалдық немесе оркестрлік пьесаларды айтады, оларға романс, прелюдия, ноктюрн, би, этюд және т.б. жатады. Осы жанрда көптеген айтулы композиторлар қаншама жауһар туындыларды жасап шығарды, олардың жекелеген түрлері Камералық зал сахнасындағы осынау кеште ұсынылатын болады. Скрипкаға арналған миниатюралар фортепианомен бірге дуэтте, сонымен қатар классикалық және халық аспаптары – домбыра, қыл-қобызбен қоса ансамбльде шырқалады.

Қызықты да мазмұнды бағдарламаға аспаптық күйлердің өңдеулері мен классик композиторлардың танымал туындылары енген. Тыңдаушы қауымға Құрманғазы, Тәттімбет, А.Жайым, Ж.Бизе – Ф.Ваксман, Н.Паганини, Г.Венявский, А.Дворжак, М.Равель, И.Фролов және т.б. сазгерлердің шығармалары ұсынылады.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры