Виват, Петербург!

Өткен демалыста «Астана Опера» Үлкен залында тоқтаусыз ду қол шапалақ соғылды. «Санктъ-Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық музыкалық театрының Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі елордалық көрерменнің ыстық ықыласын тудырып, қошеметіне бөленді.

Петерборлық шығармашылық ұжым өздерінің көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің кавалері, елордадағы опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ю.И.Александровпен бірге Нұр-Сұлтанға ат басын тіреді. Танымал режиссер К.Байсейітова атындағы театр труппасымен көп жылдар бойы жұмыс жасап, 13 опера спектаклінің қойылымын жүзеге асырды.

9 қараша күні гастроль шымылдығы Джузеппе Вердидің атақты «Риголетто» операсымен түрілді. Жарқын әрі батыл қойылым тамашалаған тыңдарман қауым шаттыққа бөленіп, алған әсерлерімен бөлісті.

– Бүгін біз «Риголетто» операсын тыңдадық. Қойылым өте ұнады. Дж.Вердидің ұлы музыкасы тамсандырды. Орындаушылық өте жоғары деңгейде болды, спектакльден керемет әсер алдық, оның үстіне мәңгілік жайында ойға баттық, тіпті құндылықтарды қайта қарастырдық десе де болады, – деп атап өтті тыңдарман Сәуле Имашева.

– Бәрі де өте әдемі болды, режиссерлік шешімдер де, декорациялар мен сәнді костюмдер де көңілден шықты. Спектакльде Риголеттоның бейнесі ерекше шешім тапқан: бұл жағдайда ол табиғатынан бүкір адам емес, оның бүкірлігі мен бетпердесі герцог сарайындағы сайқымазақ кескінінің нышаны ғана, – деді Асқар Оразбек.

– Опера тамаша орындалды. Музыканттар – өте керемет, дирижер де мінсіз – оның энергетикасы мен харизмасы өте қуатты да күшті. Көркем, ерекше костюмдер мен декорациялар көзімізге үйреншікті емес стилистикада жасалған, – деп атап өтті Гүлзия Әлімжан. 

10 қараша күні Жорж Бизенің «Інжу іздеушілер» спектаклі де үлкен сәттілікпен өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтары петерборлық әртістердің шебер орындаушылығы мен актерлік ойынына жоғары баға беріп, олардың өнер көрсетуіне қошемет көрсетті.

– Спектакльден шынайы ләззат алдым. Әртістердің талпынысы өте жақсы, дауыстары сондай таза, ал маэстро музыканттарды батыл әрі сенімді басқара білді. Эмоциялар керемет! – деп таңданысын білдірді Елдана Калибаева.

– Біз «Астана Опера» театрының басшылығына осындай керемет өнер ордасына келіп, елордалық театрдың опералық және балет қойылымдарын, сондай-ақ алыс-жақын шетелдегі түрлі ұжымдардың өнерін тамашалауға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз. Осыған дейін біз Ла Скала мен Сан Карло сынды әйгілі театрлардың балет труппаларының қойылымдарын тамашалаған болатынбыз, бұл жолы санкт-петерборлық әртістердің ұсынған опералық қойылымдарын көрдік, олардың орындаушылық шеберлігі өте жоғары деңгейде болды. Бұл қойылымдардың көркемдік безендірілуі таң қалдырды, олар біз сахнада көріп жүрген дүниелерден өзгеше. Әртістерді, сахна өнерін салыстырудың осындай мүмкіндігі көрерменнің ой-өрісін кеңейтері сөзсіз. Әртістерге, қос театрдың басшылығына музыка өнерінің мерекесі үшін тағы да алғыс білдіреміз, – деп бөлісті Қайша мен Ғабит Армановтар.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры