Симфониялық оркестрмен керемет кеш

8 қараша күні «Астана Опера» Үлкен залында «Мәңгі өшпес музыка» шырқалады. Театрдың Симфониялық оркестрі Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, сұранысқа ие дирижер Александр Титовтың (Санкт-Петербор) жетекшілігімен өнер көрсетеді.  Солист – белгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов.

Халықаралық сахнада Қазақстанның бетке ұстар туындысына айналған Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу»  симфониялық скерцосымен концерттік бағдарлама ашылады. Керемет бояулар мен күш-жігерге толы тамаша пьеса түрлі ел тыңдармандарының жүрегін  заманауи стиль мен терең ұлттық үннің үйлесімімен баурап алады. Еске салар болсақ, 2016 жылдың ақпан айында «Астана Опера» Симфониялық оркестрі атақты «Дала аңызы» туындысын Мариин театрының Концерт залында жоғары деңгейде ұсынған болатын.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солисі, бірінші скрипкасы Бағдат Әбілхановтың керемет орындауында әлемнің ең танымал скрипкашыларының репертуарынан лайықты орын алған шығармалар М.Брухтың оркестрмен скрипкаға арналған №1 концерті соль минор, ор. 26 орындалады.  Көрнекті романтикалық жауһар туындылардың бірі осы жанр тарихындағы ең танымал скрипкалық концерттердің қатарына енеді. Бейнелердің айқындығы, тереңдігі, қанықтығы, еліктірер концерт әуенінің әсемдігі, жеке партияны асқан шеберлікпен жеткізуі, солист пен оркестрдің әсерлі сұхбаты 150 жыл бойы тыңдармандарды тамсандырып келеді.

П.Чайковскийдің №4 симфония, фа минор, оp. 36  туындысы шырқалады – бұл шығармасында композитор өзінің күйініші, өмір туралы, адам тағдыры, жеке тұлға мен қоршаған орта қарым-қатынасына қатысты ойларға ерекше мән берген. Төртінші симфонияда адамның айнымас тағдыр күштерімен қақтығысы көрсетілген. Туынды симфониялық музыканың түрлі салаларындағы сазгердің бұрынғы ізденістерінің қорытындысын шығарып, жанрдың жаңа міндеттерін, тың түсініктерін алға қояды. П.Чайковскийдің ауқымды симфониялық композициялары күйініштің романтикалық қарқындылығымен, музыка тілінің бейнелілігімен, өткір де әсерлі кереғарлығымен, формасының толықтығымен ерекшеленеді.

Осы кеште «Астана Опера» Үлкен залының сахнасына алғаш рет маэстро Александр Титов шығады. Дирижер Санкт-Петербор консерваториясының профессоры, Мариин театры, ВВС Шотландия оркестрі, Ла Скала театры, Ресейд Үлкен театрының шақырылған дирижері болып табылады. 2007 жылы Петербор мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне жетекшілік еткен. Оның марапаттарының ішінен Токиода өткен халықаралық дирижерлер байқауындағы жеңісін, Санкт-Петербордың «Алтын софит» жоғарғы театралдық сыйлығын, Санкт-Петербор губернаторының сыйлығын атап өтуге болады. Маэстро Александр Титов әлемнің ең үздік театрларындағы спектакльдерге дирижерлік етіп, қойылымын жүзеге асырған, оның 100-ден аса күйтабақтары бар.

Скрипканың жеке партиясын танымал қазақстандық аспапшы шебер, «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов орындайды. Әртіс оркестрдің қатысуымен орындалатын белсенді концерттік қызметін жүргізеді және солист ретінде өз Отаны мен АҚШ, Канада, Франция, Нидерланды, Италия, Венгрия, Бельгия, Ресей және тағы басқа шетелдерде жиі гастрольдік сапармен өнер көрсетеді. Музыканттың марапаттары қатарында Д.Шостакович атындағы халықаралық байқауы (Мәскеу), В.Беллини атындағы халықаралық байқауы (Сицилия) және т.б. сайыстардың лауреаты атағы бар.  «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Басталуы сағат 19:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры