«Заманауи хореография кеші»: әркім өзін тани алады

«Астана Операдағы» «Заманауи хореография кешінің» премьерасына санаулы күндер қалды. Негізінен, елордалық театрдың репертуары классикалық туындылардан тұратыны белгілі. Театр маусымының соңына қарай балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен көрермен қауымды бірегей балеттермен таңғалдыруға шешім қабылданды, осынау балеттердің ерекшелігі неде екенін атақты хореографтар Ксения Зверева мен Раймондо Ребек баяндап берді.

Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында жүзеге асырылуда.

– Ксения, осындай балетті қоюды қашаннан бері ойластырып жүр едіңіз?

– Әрине, идеялар болды. Сол идеяларымды «Астана Опера» театрында жүзеге асыруға ұсыныс білдіргеніне қуаныштымын. Отандық композитор Ақтоты Райымқұловамен бірге ұлттық тақырыптағы балет сюжетімен жұмыс жасаудамыз. Спектакльдің оқиғалар желісі қазақстандық жазушы Адам Капановтың «Аспан көші» либреттосына негізделген. Ұлттық мәдениетті көп оқып, зерттедім, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігін бойыма сіңірдім. Осының барлығы «Sounds of Time» («Заман тынысы») балетін өмірге әкелуге ықпал етті. Ол дәстүрлі емес пластикада әрі бейдәстүрлі стильде жасалды. Іс-әрекетті қазіргі заманға ауыстырдық, осы арқылы әрбір адам өзін тани алады. Либреттода сиқырға толы бөлшектер, тылсым дүниелер көптеп кездеседі, ал сахнада бәрі барынша шынайы өмірге жақындастырылады. Спектакль қазіргі заманғы өмірді, оның өзекті мәселелері мен адамдардың өзара қарым-қатынасын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар мен олардың құндылықтарын бейнелейді. Көрермен қиял мен шынайылықтың шиеленісуін тамашалайтын болады.

– Бұрын сіз «Астана Опера» театрының труппасымен жұмыс жасап көрдіңіз, әртістердің деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Бұл балеттің бірегейлілігі – оның арнайы «Астана Опера» труппасы үшін қойылуында жатыр. Қазақстандық әртістермен жұмыс жасаған ұнайды, олардың қызығушылық танытқанын байқадым. Егер адамның бойында ниеті, қалауы болса, оның қолынан көп нәрсе келеді. Бұған дейін «Астана Опера» солистерімен жұмыс жасаған болатынмын, сондықтан труппа жаныма жақын. Олар үшін пластика жаңа болып табылады, біз көп дайындалудамыз, бишілердің құлшынысы керемет, нақты бір қимыл-қозғалысты қалай жасап, эмоцияны қалай жеткізу керек екендігін айтып, бөлісіп жатыр. Толықтай бәрін баяндап беруімді күтпейді. Менің өзіндік құрылымым бар, дегенмен олардың барлық қырынан ашылуына мүмкіндік беріп, ынта-тілектерін тыңдаймын. Шығармашылық – әрдайым идеялардың жиынтығы.

– Хореографияңыздағы техника мен импровизацияның теңдігі қандай?

– Ең алдымен дайындық залында хореографиялық мәтін жасаймын, байқап көремін, кей тұстарын алып тастаймын, қосамын. Содан кейін әртістермен жұмысты бастаймын, олар қимыл-қозғалысты өздерінше жеткізе не болмаса сезіне алады, содан жаңаша, тың дүние пайда болады. Қатып қалған қағидаларға шырғаланып қоймай, шекараны кеңейту қабілеті туындайды. Классикада бәрі нақты, дәл, ал модернде олай емес. Импровизация – басты құрамдас бөлік, дегенмен мен әртістерге бағыт-бағдар көрсетемін.

– Демек, классикада шектеулер көп деген сөз ғой?

– Дәл солай. Заманауи биді алатын болсақ, либретто тақырыптары көбінесе абстрактілі болып келеді, мұнда хореограф ойындағы идеясын өзінше әрі барынша еркін аша алады. Ал модерн стилінде еркіндік одан да басым, сондықтан мұнда әрқашан нақты партиялар бола бермейді. Түрлі астарлы мән, амал табуға болады және әркім мұны өзінше жеткізеді, өзіме де осы ұстаным жақын.

Қазір жұмыс жасап жатқанымыз либретто мен музыкадан тұратын сюжетті балет – бұл негіз болып табылады. Хореография көптеген кейіпкерлерден тұратын осы сюжетке «икемделуі» тиіс. Мұнда әдеттегі пластикамен ғана емес, әрбір кейіпкердің даралығын көрсететіндей өзінің лейтмотив, мінезімен жұмыс жасау қажет, мұның бәрі хореографияда көрініс табады. Бұл әрі күрделі, әрі қызықты. Сюжеттік желісі бар, баяндауға құрылған балет қойған кезде тек қимыл-қозғалыс қана маңызды емес, мәселен, кейде драмалық сәттерге толы көптеген мизансценалар енгізу қажет. Басқаша айтқанда, «сөйлеп тұрған» хореография жасау керек. Бұл жағдайда заманауи балетте де өз шектеулері орын алады.

– Хореографиялық стиліңіздің өзгелерден артықшылығы неде?

– Мен о баста классикалық балерина болғаныммен, батыстық стильде жұмыс жасаймын. Кейінірек хореограф бағытында дами бастадым, барлық қойылымдарым классикалық әртістермен жасалды. Ресей, Швеция, Голландия елдерінің жетекші театрларында  спектакльдер қойдым. Батыс әртістері мен посткеңестік дәуір әртістері бір-бірінен өзгешеленеді, бірақ мен барлығымен жұмыс істегенді жақсы көремін. Батыста труппалар тіпті классикалық театрлардың өзінде де заманауи стильде көп билейді. Жалпы алғанда, классикалық әртісте тек қана модерн техникасын меңгерген әртістен ерекшелейтін желі, пішін, эстетика бар. Алайда қазіргі таңдағы әртіс әмбебап әрі жан-жақты болуы тиіс.

– Музыка да арнайы осы балет үшін жазылды ма?

– Иә. Музыка жазу процесі хореография жасаумен қатар жүрді, мұның белгілі бір қиындықтары болды, нағыз жанды процесс жүргізіліп, талқылаулар болды, әсерлерімізбен бөлістік. Тіпті қазірдің өзінде өзгертулер енгізудеміз. Әрине, ұлттық музыканың өзіндік ерекшеліктері бар, спектакльдің бірегейлігі де осында. Айта кету керек, балетке «Астана Опера» Симфониялық оркестрі қатысады.

Ал «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балетін неміс хореографы Раймондо Ребек қойды.

– Раймондо, Сіздің балет қалай дүниеге келді?

Адамның уақытты түрліше сезінуі туралы сұрақ көптен көкейімде жүрген, алайда бәрі осы сезімдерді жекелеген адамдардың бойынан байқаудан басталды. Мені біздің өмірімізде не нәрсе орын алып жатыр, қандай дүниелер сақталып, естеліктерге айналады, ал қандай сәттер жай ғана өтеді де кетеді деген ойлар толғандырды. Сәтті сезіну, «қазіргі» шақты сезіну – әр адамда әрқалай. Маған нағыз шабыт берген деменциямен сырқаттанған әжем болатын, қазір менің анамның бойында да осы ауру белең алып келеді. Адамның «жоғалып» бара жатуы, ал туыстары оны жақсы көріп, ол үшін қайғыруы – адамның «өзін-өзі жоғалтуынан» да күшті сезімдерді оятады. Әркімнің уақытты сезінуі әртүрлі. Мейірлене сүю сіздің жадыңызда мәңгілікке сақталып қалуы мүмкін, ал жағымсыз оқиғалар туралы естеліктерден бірден құтылуға тырысамыз. Мен адам өмірінің үш түрлі сәтін сезінуді тұжырымдауға тырыстым: жастық шақтағы махаббат, кемелденген махаббат және егде жастағы махаббат. Осының бәрі бір әйелдің өмір жолындағы мысалдарға негізделді.

– Осы балет хореографиясының ерекшелігі неде?

– Бұл балетті  орындау үшін қандай да бір нақты дайындық қажет емес. Әлемдегі билердің көпшілігі классикалық техникаға негізделген. Бірақ, соған қарамастан, біз оны сол қалпында жасағымыз келмейді. Біз «тепе-теңдікте» болмауға тырысамыз: өзінше кең құлашты, ауқымды қозғалыстарды пайдаланатын боламыз. Жүз елу жыл бұрын қолдың қозғалысы мүлдем басқаша болатын: бұрын қол қимылдары иық деңгейінде болатын, ал қазір иық қозғалысқа қатысады және бұл іс-әрекетке көлем береді. Алайда, бұл жаңа техника емес, маған әртістердің санасына бойлап, оларды классикалық техника арқылы іс жүзінде барлығын жасауға болатынына бағдар беру қажет.

– Балеттің философиялық негізі бар, онда уақыт туралы ойыңызды жеткізесіз, ал Сіз үшін уақыт деген не?

– Есейген сайын барынша көп тәжірибе мен естеліктер жинайсың, сол кездер сен үшін  ерекше әрі құнды болып қала береді. Мектептегі немесе университеттегі соңғы оқу жылының қашан бітетінін тағатсыздана күтесің. Қазір жылдар тез өтеді. Мен өз театрымда немесе шетелде өткізген әрбір күнімді, жұмысымды, жасаған саяхаттарымды, әртүрлі әртістермен өткізген кездесулерімді қатты бағалаймын. Өйткені  өмір бізге бір-ақ рет беріледі…

– Бұл балет «Астана Опера» труппасы үшін арнайы қойылмақ, қазақстандық премьерадан кейін Сіз оны  басқа труппалармен іске асыру жоспарыңызда бар ма? 

– Бәрі де өзге театрлар басшылығының ұсыныстарына байланысты болмақ. Алдымен біз тиісті деңгейде премьераны ұсынуымыз керек. Тұтастай алғанда балет «Астана Опера» труппасына тиесілі. Әрине, осы спектакль шеңберінің кең ауқымды болғанын қалаймын. Қазақстандық әртістер қазірдің өзінде үлкен жұмыстар атқарды, мен олардың орындауына ризамын, әлемде осы балетке деген қызығушылық олардың шеберлігіне байланысты болады.

– Костюмдер мен декорациялар да осы балетке арнайы жасалды ма?  

– Иә, әрине. Декорациялардың ішінде үлкен құм сағаттарға назар аударуға болады. Спектакльдің басында құмға толы сағаттардың қойылым соңында бос болып шығатынына үміттенемін. Сонымен қатар табиғатты бейнелейтін әрі төңкеріліп, құлаған бірнеше ағаштар сахнаны безендіре түседі.

– Балетіңіздегі барлық философияны жеткізу үшін Сізге музыка қаншалықты маңызды?

Мен үшін музыка өте маңызды. Кейде ой болғанымен, оған лайықты музыканы іздейсіз, кейде өзіңізге ұнайтын музыка болған кезде, сол музыканы ескере әрі ойлай отырып өз ойыңызды іске асырасыз. Осы жағдайға келетін болсақ, бастапқыда менде ой болды, мен оған фортепианалық музыка іздедім. Табиғи әуендерді ұнатамын, «ессіз музыканы» пайдалана қоғам наразылығын тудырмауға тырысамын, мені көбінесе өте жағымды, үйлесімді дүниелер шабыттандырады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры