Камералық залдағы көктем

Сәуір айындағы сан алуан концерттер тізбегі «Астана Опера» Камералық залы афишасының сәнін одан сайын аша түспек. Атақты қазақстандық сазгерлер мен әлемдік классиктердің музыкалық жауһар туындылары елорда тұрғындары мен қонақтарына көктемгі көңіл күй сыйлайды.

12 сәуір күні сағат 19.00-де «Астана Опера» Камералық залында «Шопен! Тұла бойы тұнған сыр…» фортепианоға арналған музыка кеші өтеді. Белгілі қазақстандық пианист Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрлан Измаилов поляк романтик-композиторы Фредерик Шопеннің жауһар туындыларын орындайды. Ф.Шопеннің жиырма төрт прелюдиясы, Баркарола фа-диез мажор, Фортепианоға арналған соната №3 си минор шырқалады.

14 сәуірде сағат 18.00-де «Романтизм салтанаты» концерті ұсынылады. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), сондай-ақ Тайыр Қаратаев (виолончель), Ерлан Серкебаев (фортепиано) камералық ансамбльдік орындаушылықтың нәзік қырларынан сыр шертеді. Музыканттар тыңдарман назарына Феликс Мендельсон-Бартольдидің Виоленчель мен фортепианоға арналған концерттік варияциясы ре мажор және Сергей Рахманиновтың Фортепиано, скрипка мен виоленчельге арналған «Ұлы суретші рухына арналады» №2 элегиялық трио ре минор шығармасын ұсынады. С.Рахманиновтың аға тәлімгері әрі автордың досы П.Чайковскийге арнаған әйгілі шығармасы ой тереңдігін, фактурасының айтарлықтай ауқымдылығын, сонымен қатар күрделі драматургиялық түпкі ойды сипаттайды.

Сәуірдің 17-сі сағат 19.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Моцарттан бүгінгі күнге дейін» концерті өтеді. Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті құрамында Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) және көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) өнер көрсетеді. Ұжымның жаңа концерттік бағдарламасы австриялық классик В.А.Моцарттың Ішекті аспаптар квартеті №19 до мажор, Дж.Пуччинидің Ішекті аспаптар квартетіне арналған «Хризантемалар» миниатюрасы және қазіргі заманғы қазақстандық композитор Қуат Шілдебаевтың Ішекті аспаптар квартетінен құралған. Бір концерт аясында ұжым классицизмнен бастап бүгінгі күнге дейінгі түрлі стильдер мен дәуірлердегі музыканы интерпретациялау өнерін паш етпек.

21 сәуірде сағат 18.00-де елорда тұрғындары мен қонақтарына «Венециялық регата» концерті ұсынылатын болады. Камералық залда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздары атанған жас қазақстандық музыканттар – Батыржан Смақов (контртенор) пен Саида Қалықова (фортепиано) өнер көрсетеді. Олармен бірге сахна төріне «Астана Опера» театрының солисі Татьяна Вицинская (меццо-сопрано), Вена филармониясының солисі Айгүл Шамшиденова (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова мен халықаралық байқаулардың лауреаттары – Мәдина Капеу (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Жібек Сапарғалиева (флейта), Раушан Бескемпірова (фортепиано) шығады. Концерт бағдарламасында ХVI-ХIХ ғасырдағы Дж.Валентини, Т.Витали, А.Вивальди, Г.Ф.Гендель, Н.Порпора, К.В.Глюк, Л.Боккерини, Ф.Паер, О.Респиги сынды композиторлардың шығармалары, сондай-ақ Дж.Россинидің «Венециялық регата» вокалдық топтамасы орындалатын болады. Концерт Жастар жылы аясында өтеді.

25 сәуір күні сағат 19.00-де неміс романтик-композиторы Феликс Мендельсон-Бартольдидің 210 жылдығына арналған «Сөзсіз әндер» музыкалық кеші өтеді. ҚР «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосы тыңдармандарды өз өнерлерімен қуантады, ұжым құрамында Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано) бар. «FORTE-TRIO шақырады» топтамасындағы музыкалық кешке ұжым қонағы – «Астана Опера» оркестрінің әртісі Алмаз Тоқпанов (кларнет) қатысады. «Сөзсіз әндер» фортепианоға арналған топтамадан пьесалар, Ф.Мендельсон-Бартольдидің Фортепианоға арналған №1 трио, ре минор, оp.49, Вальтер Раблдің Кларнет, скрипка, виолончель және фортепианоға арналған квартет ми-бемоль мажор шырқалады.

28 сәуірде сағат 18.00-де опера солистері мен оркестр әртістері тыңдармандарға тамаша «Көктем вальсі» концертін ұсынады. Ұлттық композиторлық мектеп бастауында тұрған көрнекті қазақстандық авторлардың шығармалары орындалатын болады. Бағдарламада Л.Хамиди, М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Е.Рахмадиев, Н.Меңдіғалиев және т.б. сазгерлердің камералық-вокалдық музыка жауһарлары шырқалады. «Астана Опера» Камералық залында вокалистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Бибігүл Жанұзақ, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыркөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Әсем Сембина, Алмат Ізбамбетов, сонымен қатар, аспапшы музыканттар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Әшім Оңайбеков (скрипки), Курванжан Ахатов (виолончель), Раушан Бескемпірова (фортепиано) өнер көрсетеді.

30 сәуір күні сағат 19.00-де Astana Piano Passion V халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауының промо-акциясы аясында «Хас шеберге тарту» концерті өтеді. Солист – халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Есімханов – өз өнер көрсетуін ұстазы, атақты пианист, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Владимир Всеволодович Крайневтің (1944-2011) 75 жылдығына арнамақ. Музыкалық кеш аясында – И.С.Бахтың Ағылшын сюитасы ля минор, Л. ван Бетховеннің № 31 сонатасы ля-бемоль мажор, Ф.Листтің № 2 балладасы си минор, С.Рахманиновтың Бес прелюдиясы шырқалады.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры