«Богема» – махаббаттың бірегей тарихы

                                    

Фабрика, үлкен карусельді луна-парк, жүріп бара жатқан пойызы бар теміржол бекеті еліміздің бас театры – «Астана Опера» сахнасына сыйып кетті. Бұл жерде сәуірдің 19-20 күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Дж.Пуччинидің «Богема» операсының көптен күткен премьерасы өтеді.

Операда жас адамдардың өмірі көрсетілген, олар тәуелсіз, еркін, арманшыл, үмітке толы, бірақ жағдайлары нашар. Композитор Парижді, оның Латын кварталы мен жастар мекен еткен мансарда атмосферасын дәл жеткізген. Бір қызығы, бас кейіпкерлердің тарихи түптұлғалары бар, мысалы, Рудольф бейнесі роман авторы Анри Мюрженің өзінен алынған. Аты аңызға айналған «Момю» дәмханасы париждік богема арасында үлкен танымалдылыққа ие болған, елордалық көрермен аталмыш дәмхананы сахна төрінен көре алады.

Қойылым тобы осынау операның өзіндік жеке түсінігін ұсынатын болады. Қоюшы дирижер – Джузеппе Акуавива, Италиядағы атақты қоюшы режиссер – Андреа Бернард, қазіргі замандағы әлемге әйгілі сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері – Франка Скуарчапино, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони, балалар студиясының хормейстерлері – Алтынғаным Ахметова, Әйгерім Макибаева, қоюшы режиссердің ассистенттері – Текла Гуччи, Еренбақ Тойкенов, қоюшы сценографтың ассистенті – Риккардо Масирони, костюмдер бойынша суретшінің ассистенттері – Даниэль Бутар, Анна Верде.

Режиссер Андреа Бернардтың сөзінше, туындының бас кезінде опера қаһармандары – көңілі қалған, түңілген жандар, махаббат туралы армандап, өз шығармашылығын көрсетуге тырысатын адамдар.

– Олар күннен-күнге ертеңін ойламай өмір кешуде. Оқиға өрбіген сайын біз олардың бойынан дамуды байқаймыз. Мимиді кездестірген кезде Рудольф махаббат құдіретін сезініп, оның бейнетінің дәмін татады. Мен үшін «Богема» – өмір туралы, тұлғалық даму мен өмір қиыншылықтарын жете түсіну туралы метафора. Бұл метафораны суреттеу үшін мен оқиғаны 1900 жылдардың басына ауыстыру бойынша шешім қабылдадым, бұл кезеңде Париж мәдени, өнеркәсіптік және сәулет нақышы бар қала болатын. Ол тек мәдени тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ урбанистік, технологиялық жағынан да қайта жаңғыруды басынан өткерді. Қала – ауқымды құрылыс алаңы, бұл жер үнемі даму үстінде, осының бәрі декорацияларды жасауға шабыт берді. Мен үшін кеңістік өте маңызды. Костюмдер мен жарықтандыру сияқты, сценография да драматургияның ажырамас бір бөлігі. Әуел бастан Эцио Фриджерио менің ойымды бірден түсініп, осынау идеяларды кеңістікте жүзеге асыруға тырысты. Онымен бірге жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе. Операға жаңа көрерменді тарту аса маңызды деп ойлаймын. «Богема» – махаббаттың бірегей тарихы, ал махаббат жасқа қарамайды, – деп атап өтті Андреа Бернард.

Айналмалы карусель, клоундар мен жонглерлер

Қоюшы сценограф Эцио Фриджерионың эскиздері шынымен де өте әсерлі. Бұл – сахнаның барлық техникалық мүмкіндіктері қатыстырылған ауқымды қойылым, демек, көлемді декорациялар көрерменнің көз алдында ауысып, өзгеріп отырады. Декорацияның таңғаларлық әсем элементтерін директордың көркемдік-қойылым сұрақтары мен өндіріс жөніндегі орынбасары Виктор Караренің басшылығымен «Астана Опера» тобы іске асырды.

– Көрермен қауым 1900 жылдың атмосферасын сезініп, осы оқиғадағы жастардың өмірін жақсы түсінуі үшін әрбір көріністі ерекше етіп жасадық. Декорациялардың да, бейнепроекциялардың да сахнада орын алып жатқан барлық жайтты толықтыра түсуі үшін ат салыстық. Бұл үшін иесіз қалған фабриканы тұрғыздық, соның жоғарғы қабатын біздің кейіпкерлеріміз мекен етеді. Теміржол вокзалы, көлік вагондары баршаны бей-жай қалдырмасы анық, олар шынайы көлемінде жасалып, нақты қозғалып, жұмыс жасайтын болады. Осы қойылымда жаңа технологиялық тәсілді қолданып, анимацияларды барынша шынайы жасадық, мысал ретінде, теңіз көрінісін атап өтуге болады. Үшінші актіде сахнада тек проекцияда ғана қар жауып қоймай, оны вокзалдың төбесінен де көреміз, – деді Виктор Караре.

Ең әсерлі сахналық көріністердің бірі айналып тұратын карусель болады, ол ұсынылып отырған дәуірді толығымен көрсететін жарықшамдармен және аттармен безендірілген. Ал карусельде көрермендер клоундарды да, жонглерлерді де, акробаттарды да көре алады, бірақ барлық құпияларды жарияламай, тосынсыйларға да орын қалдырайық…

Шеберлер сыйы    

                         

Парижде әлі күнге дейін XIX ғасырдың пішу үлгісін пайдаланатын фабрика сақталған, ол жұмысшы адамдарға арналған пиджактар мен шалбарларды тігеді. Қоюшы суретші Франка Скуарчапино және оның ассистенті – Францияның жетекші өнер шебері Даниэль Бутар пішуге арналған осы үлгілерді «Астана Операға» таныстыру үшін ала келген. Тігін цехының шеберлері жаңа технологияны тез меңгеріп, 189 костюм дайындап үлгерген. Спектакль күн көрісі нашар кедей жас адамдардың өмірін көрсететіндіктен, олардың киім-кешектері жаңа болуы мүмкін емес. Сондықтан Франка Скуарчапино арнайы технологияны пайдаланған, соның арқасында костюмдер «ескірген».

Көріністердің басым бөлігі сол кездері қара киім киген жұмысшы француздар мекендейтін ауданда өтеді. Алайда «Оскар» сыйлығының иегері аздаған түстерді қосып, реңкін келтірген, маталардың әртүрлі құрылымдарын пайдалана отырып, қала тұрғындарының костюмдерінде өзгеше жаға, жеңдер мен қалталардың орналасуын жасаған. Ал буржуаларды ол айтарлықтай ашық түске киіндірген. Сол дәуірдің барлық ерекшелігін ескере отырып, қарапайым адамдар көшеде қалай жүргенін көрсету маңызды болғандықтан, барлық костюмдер ерекше технологиясына қарамастан, айтарлықтай күрделі болып келеді.

Жұмыс үлгілерін тігін цехының шеберлері ғана емес, бутафор цехы да алған. Бұл спектакльде реквизит аз емес.

  Бізге үлгілерді береді, бірақ оларды қалай жасау керектігін ешкім айтпайды. Сөйтіп, біз тәжірибе жасауды бастаймыз. Алдын-ала әзірленген қалыпқа шамалап құйылған силиконнан пудингті «дайындаймыз». Поролоннан жасалған ет сәтті шықты, аздап бояу жаққан соң, оны сахналық дастарханға қоюға болады, – деп әңгімеледі бутафор шебер Дәурен.    

Әуе шарлары, ебелек ойыншықтар мен тәтті мақталарды сатушы қажетті заттармен жабдықталған. Штативтегі фотоаппаратты жасау көп уақыт алды. Оны дайындау технологиясы өте қызықты, бұл ұсақ бөлшектерді жасауға және шынайы көрінетін түтіні бар жарқылға байланысты болды. – «Богемада» фотоаппарат қайдан пайда болды? – деп сұрарсыздар. Барлығы өте қарапайым: режиссер Марсельді классикалық қойылымдардағыдай тек суретші ретінде емес, оны суретші-фотограф ретінде көрсету шешімін қабылдаған.

Бір қызығы, көрініс барысында кейіпкерлердің бірі ашу үстінде лақтырып, сындыруы тиіс жәшікті жасау бәрінен де қиынға соқты. Ол құлап барып, сынады, алайда келесі күні екінші спектакль болатынын және оны қайта сындыру үшін жөндеуге мүлдем уақыт жоқтығын ұмытуға болмайды. Бутафор шеберлері амалын тауып, арнайы бекіткіштердің есебінен оны жылжымалы етіп жасаған.

Сахналық көріністердің бірі дәмханада өрбитіндіктен, бутафор цехында қабыршақты балықты еске түсіретін арнайы материядан жасалған балық, жұмыртқа, май, ірімшік, қызарып піскен дәмді тауық еті салынған азық-түліктері бар себет пайда болады.

«Богема» дауыстары

Әртістер қызу дайындық үстінде, олар залда және сахнада көптеген әзірліктер жүргізуде. Мими партиясын әр күндері Мария Мудряк, Майра Мұхамедқызы, Рудольф – Медет Чотабаев, Жан Тапин, Марсель – Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Коллен – Тайыр Тәжіғұлов, Болат Есімханов, Шонар – Андрей Борисенко, Ержан Саипов, Мюзетта – Салтанат Ахметова, Альфия Каримова, Альциндор – Армин Бабаян, Тайыр Тәжіғұлов, Бенуа – Талғат Ғалеев, Мағжан Аманжолов, Парпиньоль – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Сержант – Самат Жарылқасынов, Бақтияр Омаров орындайды.   

– «Богеманың» жаңа қойылымында менің кейіпкерім Мими өз махаббаты үшін күресуші, қайратты, жігерлі жас қыз болады. 1900 жылдардың басындағы қойылым болғандықтан, декорациялар, костюмдер мен кейіпкерлердің мінез-құлқы біздің заманымызға жақындау келеді. Бұл дәуір – өнеркәсіптік индустрияның даму кезеңі. Осыған қарамастан, Пуччинилік веризм музыкасы өзгеріссіз күйде қалады. Бақытыма орай, Мими партиясын орындау маған қиынға түспеді, себебі оны түрлі елдердің көптеген театр сахналарында орындап жүрмін әрі менің репертуарымда аталмыш партия ең алдыңғы қатарлы орындардың бірін алады, – деп атап өтті Мария Мудряк.

Өз кезегінде Майра Мұхамедқызы бұл партияны алғаш рет орындайтын болады.

– Францияда тұрған кезімде Мюзеттаны түрлі қойылымдарда бірнеше рет орындадым, бірақ үнемі Мими партиясында өнер көрсеткім келетін. Жоғары сопранода дауыстардың жыл сайын төмендей түсетін ерекшелігі бар, сондықтан ол кезде бұл партия менің дауысыма сай келмейтін. Көп жыл өтісімен, дауыс осы партияға дайын болды. Режиссер Андреа Бернардпен жұмыс жасау маған қатты ұнайды, көп жағдайда көзқарасымыз үйлесетіні қуантады, кейіпкерімнің мінезінің дамуын екеуіміз бірдей көреміз. Көптеген қойылымдарда оны науқас қыз ретінде көрсетеді, бірақ бізде бәрі басқаша болмақ – Мими жас, жігерлі әрі өзінің айықпас дертінен мүлде бейхабар қыз. Дүниеден озар сәтінде Мими әлі де сауығып кетіп, Рудольфпен бақытты боларына үмітті. Ол көз жұмар алдында жігіт оған: – Сен атқан таңдай ажарлысың – дейді. – Жоқ, батқан күндей, – деп жауап береді Мими. Операдағы дәл осы сөздер менің жанымды ерекше тебірентті. Өмір қысқа, бәріміз де о дүниеге аттанамыз, алайда тұтас бір ғұмыр кешіп, нағыз махаббаттың не екенін ұғына алмай өткен адам қаншама. Мими жан-жүрегі махаббатқа толып, Рудольфтің құшағында әрі достарының ортасында жан тәсілім етті. Ол бақытты жан және ажалдан қорықпайды. Аталмыш операда берілген Париждің атмосферасы менің жаныма өте жақын, себебі бұл керемет шаһарда өмірімнің 7 жылын өткердім. Дәмхана, теміржол бекеті мен фабрика  өзімді Францияның қақ ортасында жүргендей сезімге бөледі, – деп бөлісті Майра Мұхамедқызы.

Мимидің сүйіктісі – Рудольфтің партиясын Медет Чотабаев пен Жан Тапин орындайды.

– «Богеманы» әлемге «Мадам Баттерфляй», «Турандот» сынды көптеген тамаша опералар сыйлаған композитор Дж.Пуччини жазған. «Богема» өзінің әйгілі әуендері әрі арияларымен танымал. Мен оны бұрынғы қойылымында Абай атындағы МАОБТ сахнасында да, «Астана Операда» да орындағанмын. Спектакльдің жаңа нұсқасы сәулетті декорацияларымен өте ауқымды болып шықты, дегенмен бұл операдағы нағыз көркемдік үйлесімді музыкаға тән, оны орындаған сайын жалындап, жандана түсемін. Меніңше, бұл оқиға өз мақсаттары, мінездері және құндылықтарымен адамның адам болып қалатын шынайы өмірінде де кездесуі мүмкін еді. Бұл классикалық немесе заманауи қойылым болуына қарамастан, негізгі міндетіміз – тыңдарманға қаһармандарымыздың күйінішін жеткізу және музыкалық техниканы меңгеруімізді паш ету, – деп атап өтті Медет Чотабаев.

Оның сахнадағы әріптесі Сүндет Байғожин – Марсель партиясының орындаушысы, бір премьерада өнер көрсетіп үлгергені сол еді, енді екіншісіне дайындалуда.

– Жақында ғана өзім бас партиялардың бірін сомдаған Дж.Россинидің «Жібек саты» операсы премьерасының өтуіне байланысты, мен өз мерзімінде жылдам қалыпқа келуім қажет. «Жібек саты» мен «Богема» тұсаукесерлерінің арасы 10 күннен сәл асады, қарқынды түрде жұмыс істеуімізге тура келеді. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде, бұл үдеріс маған қатты ұнайды, әртістерден нені талап етуді білетін жақсы режиссер көрермендерге бәрін барынша ұғынықты етіп көрсетуге тырысады. Мен бар күш-жігерімді салудамын, қойылымның құрылымын талдап, кішігірім қимылдарға толы мизансценаларды үйренудемін. Мен үшін ең бастысы – сахнаға қандай дүниемен келіп, немен кетіп бара жатқанымды түсіну. Барлығына премьерада сәттілік тілеймін, – деп атап өтті Сүндет Байғожин.

Дж.Пуччинидің музыкасы

«Богема» – сырға толы драма орын алатын лирикалық опера. Музыкатанушылардың сөзінше, «Богеманың» музыкасы сазды әрі еліктіретін әуенге қанық. Оркестрлік партиялардың әсерлі саналуандығы, екпінді қарқыны ән салу мәнерлілігін айқындай түседі. «Богема» операсының қоюшы дирижері – Шанхай Ұлттық симфониялық оркестрімен концерт (Шанхай, 2006), Пуччини марафоны (Токио, 2007) концерті сынды ауқымды опералық-симфониялық концерттердің дирижері болып табылатын итальяндық маэстро Дж.Акуавива.

«Богема» операсы екі жүз жыл бойы әлем бойынша сәтті сапарын жалғастыруда, опера өнерінің озық үлгісі ретінде «Астана Опера» театрының репертуарынан да ойып тұрып өз орнын  алмақ.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

         

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры