«Блокадалық виолончель: 75 жылдан кейінгі кездесу»

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, 29 сәуірде «Астана Опера» театрының ұжымы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының жобасына қатысты. «Блокадалық виолончель: 75 жылдан кейінгі кездесу» атты қайырымдылық концерті Ленинградты қоршаудан азат етуге арналған. Жобаның бастамашылары – директоры Наталья Ивановна Метелицаның басшылығымен Санкт-Петербор мемлекеттік театр және музыкалық өнер мұражайының қызметкерлері.

Концертке Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Парламент вице-спикері Владимир Божко, бірқатар депутаттар мен мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ ҰОС ардагерлері қатысты.

– Опера, балет, драма театры тарихындағы ең үздік топтамалардың бірі Петерборда Ресей Императорлық театрлар дирекциясының базасында орналасқан. Бізде музыкалық аспаптар жинақтамасы бар, солардың арасында виолончель де сақталуда. Шебер оны 1941 жылы блокада кезінде жасай бастаған. Жаңа жыл қарсаңында Венгрияда біз қазақстандықтармен кездестік, олардың айтуынша, сіздерде де блокаданы басынан өткерген аспап бар екен. Міне, бүгін, сол кезеңге құрмет көрсетіп отырмыз әрі тарихымыздың осынау қос үнсіз куәгері жас музыканттарымыздың жан-дүниесі арқылы қайта шырқалатын болады. «Астана Операның» вокалистері, скрипкашылары өте керемет, – деп атап өтті мемлекеттік театр және музыкалық өнер мұражайының директоры Наталья Метелица.

Құнды музыкалық аспаптар, атап айтқанда, соғыстан кейінгі жылдары блокадалық Ленинградтан Қазақстанға жеткізілген Grotrian Steinweg Nachf роялі мен Санкт-Петербор мемлекеттік театр және музыкалық өнер мұражайының Ресейдегі ең ірі музыкалық аспаптар топтамасынан атақты «блокадалық виолончель» кештің басты «кейіпкерлері» болды. Осылайша, 75 жылдан кейін екі блокадалық аспаптың «кездесуі» орын алды.

Ленинград блокадасын бұзып, азат етуге қатысқан қазақстандықтар мыңнан асады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Петербор жұртшылығы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы еске түсіріп, құрметтейді. «Ленинградтықтар, өренім! Мақтанышым сен едің!» деп жырлаған Жамбыл Жабаевтың есімі де ленинградтықтардың жадында мәңгі сақталады.

Кардиохирургиялық орталықтың фойесіне жиналған көптеген тыңдарман назарына музыкалық классикалық жауһар туындылары ұсынылды. Олардың қатарында Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, А.Жұбановтың виолончель мен фортепианоға арналған «Романсы», Д.Шостаковичтің виолончель мен фортепианоға арналған сонатасы, оп.40, С.Рахманиновтің «Вокализ», А.Бородиннің №2 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор, 2,3-бөлімдері (Скерцо және ноктюрн) және т.б. бар.

Концертке елордалық театрдың жарқын әртістері – «Астана Опера» опера труппасының концертмейстері Елена Сахно, жетекші солистер Медет Чотабаев (тенор), Альфия Каримова (сопрано), Ақбике Алғи, Илья Измайлов, Кирилл Красюков, Жібек Мұсырғалиева (скрипка), Олеся Морозова, Леонид Мысовский, Аружан Мұсаева (альт), Нұрисламбек Жұматов, Бекарыс Наурызбаев, Рақымжан Баспаев (виолончель) т.б. қатысты.

Өнерсүйер қауым залда отырған әрбір көрерменнің жүрек қылын тербеткен солистерге қошемет көрсетіп, ұзақ уақытқа дейін сахна төрінен жібермеді.

30 сәуір күні осы бағдарлама Нұр-Сұлтан қаласының медициналық жұмыскерлеріне ұсынылмақ.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры