Керемет опера әртістері тамаша концерттік бағдарламамен өнер көрсетпек

«Астана Опера» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Талғат Мұсабаевтың, сонымен қатар Армениядан шақырылған бас, халықаралық байқаулардың лауреаты Саркис Бажбеук-Меликянның орындауында әлемдік опера классикасының жауһарлары шырқалады. «Махаббатым менің – опера» атты керемет концерт бағдарламасы 22 сәуір күні Камералық залда өтеді. Фортепиано партиясында – «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно.

– Осы жолы елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше концерт ұсынатын боламыз. Кеште қатысатын әрбір вокалистің шығармашылығы көптеген өнер сүйер қауымды үнемі залға тартып, баурайтыны анық. Әртістер тек әріптес қана емес, сонымен қатар жақын достар болып кеткен, сондықтан музыкалық кештің дайындығына бәрі бірдей жұмыла кетті. Көрерменімізге сүйікті орындаушыларымен кездесу бақытын сыйлап қана қоймай, опера жанрының сан алуандығын, мәнерлігін, қанықтығын жаңа қырынан көрсеткіміз келді, – деп атап өтті концерттің авторы Елена Сахно.

Минскте өткен вокалистердің IV халықаралық Рождество байқауының Бас жүлде иегері Саркис Бажбеук-Меликян астаналық көрерменге жақсы таныс: әнші бірнеше рет «Астана Опера» сахнасында ән салған болатын. Оның орындауында В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Лепорелло ариясы, Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» операсынан Фиеско ариясы, «Сицилиялық кешкілік» операсынан Прочида ариясы, «Макбет» операсынан Банко ариясы, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Гремин ариясы, А.Бородиннің «Князь Игорь» операсынан Кончак ханның ариясы және т.б. шырқалады.

«Достар арасында» танымал топтамасының концертінде шақырылған вокалист Саркис Бажбеук-Меликянмен бірге әлемнің бірқатар елдеріне атағы шыққан Қазақстанның опера әншілері де жарқырайтын болады. Олардың қатарында – «Россия – Культура» телеарнасындағы «Большая опера» халықаралық жобасының Гран-при иегері Салтанат Ахметова бар. Керемет сопрано өзінің көптеген жанкүйерлеріне Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-сан монологын, «Турандот» операсынан Лиу ариясын, Дж.Вердидің «Сицилиялық кешкілік» операсынан Елена болеросын және т.б. шығармаларды ұсынады.

Қазақстандық атақты опера солисі Талғат Мұсабаев тыңдаушыларды опера қойылымдары, сонымен қатар симфониялық және камералық концерт бағдарламаларындағы өнер көрсетуімен қуанта отырып, музыканың түрлі бағыт-бағдарының орындаушылық техникасын шеберлікпен меңгерген. Осы кеште айтулы баритон У.Джорданоның «Андре Шенье» операсынан Жерар монологы мен Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсынан Ренато моноголын және т.б. әзірлеуде.

Басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры