Қазақстан мен Ресейдің керемет скрипкашылары Камералық зал сахнасында кездеседі

6 мамыр күні елордалық театрдың Камералық зал сахнасында жарқын скрипкашы музыканттар – «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов және Айсұлу Байкенова, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Алексей Лундин мен көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Жандос Мұхамеди өнер көрсетеді. «Музыкалық қиылыс» топтамасындағы концертке дирижер Руслан Баймурзинның жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрі қатысады.

Музыкалық кеш авторлары Бағдат Әбілханов пен Айсұлу Байкенова бұл жолы жақын достары – тамаша солистер Алексей Лундинмен, Жандос Мұхамедимен кездесуді күтуде.

«Виртуозы Москвы» камералық оркестрінің бірінші скрипкасы Алексей Лундин стилінің ерекше күші, сезімі әрі нәзік талғамы музыкалық ой тазалығымен көрерменнің назарын өзіне аударып, тамсандыруда. Осы жылдың наурыз айында Камералық зал сахнасында алғаш өнер көрсетіп, айрықша шеберлігі, әртістігі, тамаша орындау техникасымен тыңдарманның шаттығын тудырып, ыстық ықыласына бөленген талантты жас орындаушы Жандос Мұхамеди сынды ол да елордалық көрерменге жақсы таныс.

Мазмұнды концерт бағдарламасына П.И.Чайковскийдің оркестрмен скрипкаға арналған таңдаулы шығармалары – Толғану, Скерцо, Әуен, Мұңды серенада, Вальс – скерцосы енген. Әйгілі классиктің бес пьсасының тиімділігі, бейнелілігі, көркемділігі, шеберлігі солистен аспапты үздік деңгейде игеруін талап етеді. Бұл пьесалар айтулы композитордың ең көп орындалатын әрі тыңдаушылардың ең сүйікті скрипкалық шығармалары қатарына жатады.

Аты аңызға айналған Астор Пьяццолланың ең танымал туындыларының бірі – «Танго тарихы» сюитасы орындалады. Төрт бөлімді туынды танго музыкасының тарихы мен даму кезеңі жайлы тыңдарманға сыр шертеді. Бірінші бөлімі – «Бордель 1900». Бұл әсемдік пен жылдамдыққа толы қарқынды, жалынды танго. Тангоның екінші дәуірі – «Кафе 1930». Бұл кезеңде жанр толықтай өзгеріске ұшырап, барынша музыкалық және романтикалық бола бастады. Енді танго би алаңдарынан ауысып, концерттік залдарға көшуде. «Түнгі клуб 1960» – тангоның жаңа әрі қарқынды даму уақыты, оның кейбір өзіндік түрлерінде мәні терең революциялық өзгерістерге ұшыраған сәті. «Концерт бүгін» – туындының төртінші бөлігі. Көптеген композиторлар, соның ішінде классиктер тангоны заманауи музыкамен араластыра отырып, оның әуендерін пайдаланады. Осыдан болашақтың тангосы пайда болады.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры