БАҚТИЯР АДАМЖАН, «АСТАНА ОПЕРАНЫҢ» ЖЕТЕКШІ БАЛЕТ СОЛИСІ: ҚАЗАҚ БАЛЕТІ ЖАУЫНГЕРЛІК РУХЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ

Балет те – спорт. Екі артистің бірінің қолынан келе бермейді. Классикалық өнердің шыңы сонысымен де қиын әрі күрделі. Қазақстанның балет мектебі әлемге танылған. Кәсіби шеберлігін Батыс пен Шығыс, одан қалса мұхиттың арғы бетінде Америка да мойындаған. Мойындап қана қоймай, қазақтың ұл-қызының талантына таңдай қаққан. Аттай қалап алдырып, өз сахнасында өнер көрсетуге ұсыныс жасайтын мемлекеттер қатары да көбейіп келеді. Мұның сыры неде? Қазіргі қазақ балетінің беткеұстары, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бақтияр Адамжанмен қазақ балетінің артықшылығы мен ерекшелігі жайында әңгімелестік. 

– Балеттің биігіне көтерілу – қиын. Құлдырау – оңай. Биші болуға әркім-ақ ұмтылады. Балет артисі болу үшін қандай қабілет керек?
– Балет артисі болу оңай емес. Меніңше, балет бишісі ең әуелі мықты спортшы болуы шарт. Балетке он жасымда келдім. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училище­сі­нің түлегімін. Еңбек жолымды Абай атын­дағы мемлекеттік Опера және балет театры­нан бастадым. 2013 жылы «Астана Операның» балет солисі болып ауыстым. 2015 жылдан бері жетекші солиспін. Училищедегі ұстазда­ры­мыздың еңбегінің арқасында көптеген жетіс­тікке жетіп жүрміз. Қазір шетелге таныл­ған балет артистерінің бәрі – сол мек­теп­тің түлегі. Жетістіктігіміздің түп-тамыры ұстаздардың еңбегінен бастау алған. «Балет» деп алып-ұшып келген бетте біздің мықты іргетасымызды қалады. Уақыт өте кәсіби тұрғы­да шыңдалғанмен, іргетасың мықты болмаса ары қарай алып кете алмайтынымыз анық қой. Қазір театрда Алтынай Асыл­мұра­това және оның жұбайы Евгений Константи­но­вичпен бірге жұмыс істейміз. Алматыға гастрольдік сапарды Алтынайдың жетек­ші­лі­гі­мен дайындап алып келдік.
– «Манон» спектакліндегі Леско рөлін тамаша орындайсыз. Тағдырымен арпалысып, мерт болған Лесконы сомдау қаншалықты қиын?
– Леско болып ойнаудың ең үлкен жауапкершілігі – актерлік шеберлікті көрсету. Бір балетте бес бірдей бас партия бар. Сондықтан Манонның жолында құрбан болуға даяр Кавалер де Грие, Қарт мырза, Леско қай-қайсысына да артылар жүк жеңіл емес. Өмірде махаббат пен байлықтың таразы басында теңдесуі өте сирек. Сезім байлықты медет тұтпайды. Байлықпен махаббатты сатып алуға ұмтылатындар сезімнің айнасына сыз­ат түсіреді. Қастерлі ұғымның қадірін қашыратындар өмірден бақытсыз болып өте­тінін көрерменге жеткізе алсам, Құдайға шүкір деймін.
– Қанша уақыт дайындалдыңыздар?
– Қойылымның тұсаукесерінен кейін Алматыда өткізетін гастрольдік сапарға үш аптадай дайындалдық. Бір кейіпкермен ең аз дегенде күніне бір жарым сағаттай жұмыс істедік.
– «Манонда» бес бірдей бас партия бар дегеніңізбен, ерлер партиясында бас кейіпкер Леско сияқты көрінді. Лесконың рөлі шынайы сомдалды. Көрерменді сендіре білді. Халық Леско оққа ұшқанда, оны өлімге қимады. Манон­­нан да алға шығып кеткен жоқ па?
– «Манондағы» өзге де бас партиялардан қара үзіп алға шықты» деген жылы лебізді есту – мен үшін бақыт. Көрермен осындай пікір айтып жатса, театрға келген көрер­мен­дер өнеріме риза болса – оған тек қана қуанамын. Әр артист өз рөлін жоғары дең­гейде сомдауға тырысады. Сонда ғана бізде салыстыру, сарап­тау, талдау болады. Салыстырулардың арқа­сында деңгейіміз де жоғарылайды. Бәсе­ке шыңдайды.
– «Париж – Құдай анасы шіркеуі» спектаклінде бүкір, бағынан соры қалың, бақытсыз кейіпкер Квазимода рөлін сомдай­сыз. Сахнада екінші сатыдағы кейіпкерді ойнап тұрып, көрермен үшін бірінші болуы­ңыз­дың сыры неде? 
– Квазимода – күнәнің құрбаны болса да, жарыққа, жақсылыққа ұмтылған, ниеті түзу кейіпкер. Махаббат майданында өз бақыты үшін күреседі. Ғашығы Эсмеральда үшін жанын құрбан етуге даяр. Квазимоданың жан дүниесін жақсылық пен жамандық мидай араласқан меңіреу тіршілік түсінбейді. Дұрысы, түсінгісі де келмейді. Асқақ арманы, үкілі үмітін даңғаза дүниеуи пен­де­шіліктің шеңберінен шыға алмай­тын­дар таптап кетеді. Соған қарамастан, жарымжан, жаны жаралы Квазимода махаббаты үшін ауыр сынақтарды басынан өткереді. Тауы шағылса да, үміт шырағын сөндірмеуге бекінеді. Өмірдің құндылығын ас та төк байлық­пен ғана өлшейтіндердің тасжүрегі мен даңғаза өмірінен баз кешеді. Соңында Эсмеральданы қалың тобырдан арашалап алатыны – ерлік. Бірақ арманына жете алмай ғашығы­ның сүйегін құшып қала беретіні аянышты. Жеңісінің өзі баянсыз. Өмірде Квазимода секілді тағдырлы адамдар көп. Сол үшін оны көрер­мен қайсарлықтың символы ре­тін­­де құрметтейді деп ойлай­мын.
– Көбінесе, жетекші партия­ларды сом­дайсыз. Болашақта тағы кімдерді көрер­мен­ге ұсынасыз? 
– Кейіпкерлерімнің үлкен-кішісі жоқ. Спартак, Бенволио, Сайқымазақ, Сырым, Щел­кунчик ханзада, Нұралы, Солор, Квази­мо­до, Базиль, Лесколардың әрқайсысы – бір-бір әлем. Барлық рөлді алып шығудағы бір-ақ мақсат – кейіпкерімді көрерменге таныту.
– Былтыр Мәскеуде өткен XIII Халық­ара­лық балет артистері мен хореограф­тары бай­қа­уы­ның Гран-приін иелендіңіз. Шетел артисте­рі­нің өнерімен қосамжарлана атақ-дәрежесі насихатталады. Байқаудың артис танымал­ды­ғына әсері бар ма? 
– Балет артистері арасындағы Мәскеу байқауын менен бұрын қазақ балетінің Спартагы Досжан Табылды бағындырған. Деңгейі өте жоғары Мәскеу байқауы – балет­тің диірмені. Спортшылармен салыстырсақ, біздің ең үлкен Олимпиадамыз – Мәскеудің балет байқауы. Осы додада алтын медальді тұңғыш рет иеленген қазақ екенімді мақтан тұтамын. Әрине, шетелдің өнер адамдары жеткен жетістіктерін санамалап, рекорд жаң­ғырт­ты деп насихаттауымен ерекше­ле­не­ді. 2008 жылы Новосібірде өткен Сібір балет артистері халықаралық байқауында лауреат, 2009 жылы Оңтүстік Кореяда өткен KIBC-те дипломант атандым. 2010 жылы «Өрлеу» балет артистері халықаралық байқауынан І орын алып, Қазақстанның Тұңғыш Президен­ті Н.Назарбаев стипендиясын иелен­дім. Сондай-ақ Нью-Йорк, Сеул, Ыстам­бұл, Красноярскіде өткен халықаралық балет байқауларынан жүлделі оралдым. Халықаралық би жарысы болған соң, әрбір ел беткеұстар жүйрігін қосады. Олардың ішінен үздіктер ғана мәреге жетеді. Сенім мен үміт араласқан менде жауапкершіліктің жүгі ауыр еді. Әлемдік деңгейдегі жарыста ешкім де шаң қауып қалғысы келмейтіні анық. Менің­ше, әр қазақтың жетістігі құжат жүзінде тарих­та қала бергені жөн. Құнды құжаттар – келер ұрпақ үшін қымбат мұра. Салыстырмалы түрде айтсам, елден гөрі шетелде көбірек таниды. Шет мемлекеттерде тұрақты көрер­менім көп.
– Өзіңізді «Айқынның» оқырмандарына таныстыра кетсеңіз… 
– Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында туып-өстім. Ата-анам – қара­пайым жандар. Әкем өрт сөндіру қыз­ме­тін­де жұмыс істеді. Анам – математика пәні­нің мұғалімі. Он жасымнан бері балет әле­міндемін. Кейіпкерлерім үшін қобалжып, оның тағдырына алаңдайтын жанашыр көрер­менге алғысым шексіз.
– Қазақ балетінің болашағы туралы не айтасыз?
– Болашақ демей-ақ қояйын, қазірдің өзінде қазақ балеті өте жоғары деңгейге жетті. Елбасының бастамасымен Астанада зәулім ғимарат салынды. Қаншама елге барып, шақы­рылған қонақ ретінде қойылымдарға қаты­сып жүрмін. Бірақ дәл Астанадағыдай театр­ды көрген емеспін. Абай атындағы Опера және балет театры – қара шаңырақ. Біз­дің алға қойған мақсатымыз – театрды бүкіл әлемге насихаттау, таныту, мойындату.
– Балет дегенде көрерменнің көз алдына Болат Аюханов келеді. Қазақ балетінің жігіттері шетелдің балет бишілерінен несімен ерекше?
– Қазақ жігіттері сахнаға жақұттай жар­қы­рап шығады. Біздің балет артистеріміз өздерін сахнада әлжуаз кейіптен аулақ ұстай­тын­дығымен көзге бірден түседі. Неге десеңіз, жауынгер, өр рухты қазақтың жігіттері сахна­да да көрікті келбет, шымыр дене, сұңғақ бойымен өзгелерден айрық­ша көрінеді. Қанымызда қайсарлықтың дәні бар. Қандай би билесек те, ұлттық рух, жігер сезіледі. Оны шетелдік көрермен бірден байқайды. Қазақ балетінің жігіттері қаһармандығымен, жауынгерлігімен ерекшеленеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Майра ЖАНЫСБАЙ

Источник: aikyn.kz

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры