«Шехеразада» балеті. Басты партиялардағы дебюттер

13 наурыз күні «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында басты партияларда балет труппасының жетекші солистері ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тайыр Ғатауов (Алтын құл) пен Әнел Рүстемова (Зобеида) дебют жасайды.
Либреттоға сәйкес, сарайда іші пысып, жабырқаулы күйде отырған сұлтан Шахриарды күңдер мен сүйген жары Зобеида жұбатып, көңілін аулауда. Сұлтанның інісі Шахезман да осы жерде, сүйікті жұбайының опасыздығынан кейін ол әйелдерге деген сенімін жоғалтқан. Жеңгелеріне де сене қоймаған ол ағасына олардың адалдығын сынап көру жайлы ұсыныс тастайды. Аң аулауға аттанған екеуін әйелдері көңілдері босап, шығарып салады. Алайда үй қожайындары кете салысымен, әйелдері белсіздер басшысын алдап-сулап, гарем есігін ашқызады. Қара нәсілді құлдар ішке кіріп, арсыз жын-ойнақ басталады. Мұнда билік етуші Зобеида да өзінің сүйікті Құлымен көңіл көтеруде. «Сауық-сайран» қыза түскенде ағалы-інілі сұлтандар қайтып оралады. Шахезман сөзінің расталғанына қуануда, ал қаһарланған Шахриар осы жердегінің бәрін өлтіруге бұйрық береді. Сұлтанның қызметшілері күңдерді, белсіздер мен қара нәсілді құлдарды қылыштарымен жайратып тастайды. Шахриардың өзінен артық сенетін жұбайы Зобеида патшаға деген ықпалын қолданып, оның көңілін жұмсартуға тырысады. Сұлтан болса, оны өлімге қия алар емес. Бірақ зұлым інісі жек көрушілікпен Зобеиданың қылышпен шабылған көңілдесін нұсқайды. Шахриар жендеттерге белгі берген сәтте, әйелі сұлтанның қолындағы қанжарды алып, өз-өзіне қол жұмсап үлгереді. Шахриар опасыз болса да сүйікті жарының өлі денесіне қарап, егіле жылайды.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры