Париж ұлттық опера театры солистері және әртістерінің қатысуымен Гала де Пари

Елордада тұңғыш рет! Шілденің 27-30 аралығында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Париж ұлттық опера театрының балет труппасы жұлдыздарының қатысуымен бірегей балет Гала-кеші өтеді. Еуропалық балеттің жарқын жұлдыздары қазақстандық көрерменге хореограф Себастиан Бертоның көркемдік жетекшілігіндегі (Париж, Франция) «Gala de Paris» орасан зор бағдарламасын ұсынады. Гала-кештің идея авторы әрі бас продюсері – Антон Левахин (Рим, Италия). «Астана Опера» симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей – АҚШ) жетекшілік етеді.

Gala de Paris ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығы аясында өтпек. Сондай-ақ керемет мәдени оқиға Париж ұлттық операсының 350 жылдығын атап өтуде.

Paris Opéra Ballet – XIV Людовик патшаның 1661 жылы Корольдік би академиясы ретінде негізін қалаған Париж операсының ресми ұлттық балет труппасы. Бүгінде ұжымның құрамында 150-ден астам әртіс бар, Париж ұлттық опера театрының көркемдік жетекшісі – Орели Дюпон. Жыл ішінде труппа 180-нен астам өнер көрсетеді, олардың әрқайсысы асқақ өнердің шынайы мейрамы болып табылады.

Айта кетер болсақ, әр жылдары балет труппасы Мария Тальони, Джордж Баланчин, Серж Лифарь, Морис Бежар, Ролан Пети, Рудольф Нуреев, Сирил Атанасов, Сильви Гиллем, Анжелен Прельжокаж және өзге де ұлы есімдермен тығыз байланыста аталған. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова 90-жылдары әйгілі сахнада Р.Нуреевтің қойылымдарындағы басты партияларда жарқыраған еді. Әлемге танымал прима Л.Минкустың «Баядерка» балетінде Никияның рөлін орындап, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіндегі Одетта мен Одилияның бейнелерін сомдады.

Аты аңызға айналған париждік театр сахнасында опера труппасының жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев пен маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хоры өнер көрсеткенін еске сала кеткен жөн.

«Gala de Paris» идеясының авторы әрі оның бас продюсері Антон Левахинның айтуынша, 2018 жыл – Қазақстан тарихындағы айтулы кезеңдердің бірі.

– Әсем Астананың мерейтойы. Бұл күннің ерекшелігі – Астана өзінің 20 жылдығын өзге де мерейлі тойлармен қатар атап өтуінде: биші әрі хореогаф Рудольф Нуреевтің 80 жылдығы, классикалық хореографияның негізі салушы Мариус Петипаның 200 жылдығы және Францияның ең атақты театры – Париж Ұлттық Операсының 350 жылдығы. Міне, сондықтан, бірегей халықаралық шығармашылық ұжымды жинап, тамаша бағдарлама жасай алдық, – деп сөзін қорытындылады бас продюсер Антон Левахин.

Кештің көркемдік жетекшісі Себастиан Берто – классикалық хореографияның жарық жұлдызы. «Астана Опера» сахнасындағы «Гала де Пари» бағдарламасында С.Бертоның жақында ғана орын алған туындысы – өткен жылы Гранд-Опера сахнасында алғаш рет ұсынылған «Ренессанс» балетінің халықаралық премьерасы өтеді. Осынау балетке кутюрьелердің костюмдерін Balmain француз жоғары сән үйінің креативті директоры Оливье Рустен жасады. Барлық балеттер Париж Ұлттық Операсының түпнұқсалы әрі тарихи костюмдерінде қойылады. Кристиан Лакруаның эксклюзивті костюмдерімен кештің шымылдығын түретін «Раймонда» балетінің бишілері сахна төріне шығады.

Ерекше әсерге толы Gala de Paris бағдарламасы әлемдегі көне ұлттық труппа жұлдыздарының басын біріктірмек. «Астана Операның» Үлкен залы сахнасына Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Марк Моро, Пабло Легаса, Аксель Маглиано, Камиль Бон, Томас Докир, Амели Жоанидес, Наис Дюбоск, Исаак Лопес Гомес, Марион Готье, Виктуар Анкетиль, Адель Белем, Жозеф Омер, Джек Газтоут шығып, өнер көрсетеді.

Осы кеште «Астана Опера» сахнасында романтика, сұлулық пен сәннің қаласы – Париждің атмосферасы қалықтайтын болады. «Гала де Пари» кешінің декорациялары мен көркемдік тілі – Франция мен Италиядан келген суретшілер Анна Садовска (Париж) мен Ахсар Муриевтің (Рим) бірлескен жұмысының жемісі.

«Gala de Paris» бірегей концерттік бағдарламасын Мариус Петипа бойынша Венсан Шайенің қойылымындағы (музыка авторы А.Глазунов) ертегіге толы әрі әсерлі «Раймонда» балетінен Гранд па ашады. Ортағасырдағы рыцарлық аңызға негізделген балет сұлу Раймонда, оның күйеу жігіті – рыцарь-кірескер Жан де Бриен мен сарацин Абдерахман жайлы баяндайды.

Кешті Теофиль Готьенің аттас өлеңінің желісімен Карл Мария фон Вебердің музыкасына қойылған Михаил Фокинның «Раушан гүлінің елесі» балетінен роматикалық па-де-де жалғастырмақ. Би қозғалысы шырмалып өсіп, гүлдеген раушанның икеміне негізделген.

Сонымен қатар көрермен назарына 1949 жылы Париж операсында Даниэль Обердің музыкасына Виктор Гзовскиймен қойылған Гран-па классик ұсынылады. Балет өнерінің ең сүйікті жауһарларының бірі көрерменді өзінің реттілігімен, дене тұрысының толықтығымен, шыңдалған техникасымен, әртістік шеберлігімен, сондай-ақ нағыз француздық үлгідегі жеңілдігімен, тапқырлығымен тәнті етеді.

«Манфред» хореографиясын Париж балет труппасына арнап П.И.Чайковскийдің музыкасына Рудольф Нуреев жасады. Сюжетке лорд Джордж Байронның драмалық поэмасы негіз болды. Осы балетке арқау болған оқиғалар автобиографиялық сипатқа ие.

Рикардо Дригоның өңдеуіндегі Адольф Аданның музыкасына Мариус Петипа бойынша Себастиан Бертоның қойылымындағы атақты «Корсар» классикалық балетіндегі таңғаларлық па-де-де түрлі ел көрермендерінің көңілінен ерекше орын алған.

Маэстро Владимир Ланденің жетекшілігіндегі «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің орындауында А.Глазуновтың «Раймонда» балетінің бірінші бөлімінің екінші көрінісіне арналған Үзіліс, П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен Па-де-де, Ф.Мендельсонның «Жазғы түндегі түс»  концерттік увертюрасынан Скерцо (ор.21), П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіне арналған сюитадан Бірінші көрініс (ор.20) сынды туындылар шырқалады.

ФеликсМендельсонның ми минор ор.64 оркестрмен скрипкаға арналған концертінің музыкасына қойылған Себастиан Бертоның таңдаулы «Ренессанс» балетімен екінші бөлімнің шымылдығы түріледі. Бүгінгі таңда жасалған классикалық стильдегі қойылым париж опера театры әртістерінің дарыны мен сан қырын аша түседі.

«Өлім алдындағы аққу» солосы Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» сюитасынан алынған «Аққу» пьесасының музыкасына Михаил Фокинмен қойылды. Аққудың нәзік бейнесі өмір үшін күрес нышанына айналады, сезімінің шынайылығы әрі күштілігімен ол жер бетіндегі барша жанның жүректерін тебірентеді.

Кеш барлық әртістердің қатысуымен орындалатын Карл Чернидің «Этюд» музыкасымен аяқталады. Әртістер француз балет мектебінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан XIV Людовиктен бастап қазіргі заманға дейінгі, Версальдан Гарнье Операсына дейінгі ежелгі би өнері дәстүрін жалғастырушылар болып табылады. Париж ұлттық операсы труппасының күш-жігері мен құлшынысы асқақ өнерді бағалаушы елордалық қауымның жадында мәңгілікке сақталып қалары анық.

Жоба «Қазақ әуендері» қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры