Асхат Маемиров: «Біржан – Сара» – «Астана Операның» айрықша қойылымы

Бүгін, 19 сәуір күні, «Астана Опера» театрының сахнасында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының бас дайындығы өтіп жатыр. 20 және 21 сәуірде ұлттық классика жауһарын көрерменге мінсіз ұсыну үшін әртістер барлық мизансценалық өзгешеліктерді, вокалдық әрі актерлік тапсырмаларды жасап шықты, енді тек шырқап, жүзеге асыру қалды, костюмерлер болса соңғы киімдерін үтіктеп, дайындалуда, ал симфониялық оркестр музыканттары аспаптарын баптап, жүйеге келтіруде.

 

Дайындыққа кеткен айлар бекер емес: осынау спектакльді тұтас еуропалық кеңістікте нағыз бірегей еткен киімдер тігіліп, көптонналы ультра заманауи декорациялар әзірленді. Көркемдік-қойылым тобы кейіпкерлер мінез-құлқын қабылдаудағы қалыптасқан қағидаларды бұзып-жарып, қазақ операсының жаңа оқылымын ұсынды.

Жәрмеңке көрінісімен басталған опера бірден көрерменнің қиялына қанат бітіреді: мұнда дарынды халық зергерлері, шебер қолөнершілер, әккі саудагерлер, түрлі жануарлар да бар! 3D-технологияны пайдаланудың арқасында табиғат пен тұрмыс көріністері жандана түседі. Көздің жауын алар костюмдер, сондай-ақ итальяндық хас шебер Серджио Металлидің бейнепроекциялары, ең бастысы – тамаша музыка, солистердің керемет дауыстары мен үйлесімді оркестр үні көрерменге естен кетпес әсер қалдырары анық.

– «Біржан – Сара» операсы әрдайым қазақ опера өнерінің орасан зор жетістігі болған. Жаңа технологиялық мүмкіндіктер, М.Төлебаевтың керемет музыкасы, екі дарынды жастың өшпес махаббат тарихы арқасында, бүгінде бұл операны әлемдік опера өнері тұрғысынан қарастырып, бағалауға болады. Спектакльді қойған кезде, ең алдымен, сазгердің баға жетпес әуенді сыйы негіз болған музыкадан бастау алдық. Жаңа музыкалық сахналық редакцияда сценография, режиссерлік табыс пен музыка сәтті үйлесім тапқан, меніңше, бұл «Біржан – Сара» операсын «Астана Операның» айрықша қойылымы етеді, – деп атап өтті режиссер Асхат Маемиров.

Басты партияларды орындауға әзірленіп жатқан өнерпаздар: Біржан – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Байнеш, Бейімбет Таңарықов; Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы және Жаннат Бақтай; Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев, Талғат Мұсабаев; Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлжанат Сапақова; Алтынай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Айзада Капонова; Жиенқұл – Ержан Саипов, Азат Мәлік; Қожағұл – Шыңғыс Расылхан, Евгений Чайников; Серік – Рамзат Балакишиев, Жұмабек Қаңтарбаев; Естай – Жұмабек Қаңтарбаев, Рамзат Балакишиев, Абзалбек Максим.

 

Қойылым тобы құрамында: қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Мұхитдинов, қоюшы режиссер – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров және кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Т.Нұрқалиев, А.Тәти, қоюшы режиссердің ассистенттері – Е.Нұрсұлтан, Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов. Музыкалық редактор – Т.Жармұқамет. Жарық бойынша суретші – Я.Пантани. Проекциялар бойынша дизайнер – С.Металли. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры