Астананы «Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясы күтуде

Қазақ операсының қазынасы болған Қажым Жұмалиевтің либреттосына жазылған М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы 20 және 21 сәуірде «Астана Опера» театрының Үлкен залында жұртшылық назарына ұсынылмақ. Ұлттық өнеріміздің жауһары тың реңдерге ие болып, көрермендерді режиссердің тапқырлығы мен арнайы әсер беретін керемет көрінісімен таңғалдырады. Жаңа музыкалық-сахналық редакция ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Астананың жиырма жылдығын мерекелеу аясында көрсетілетін болады.

Қоюшы-режиссер – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. Маеміров және режиссердің кеңесшісі – Белорусь Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзе. Қоюшы режиссердің ассистенті – Е. Нұрсұлтан, Е. Тойкенов. Қоюшы-суретшілер және сценографтар – С. Тасмағамбетова мен П. Драгунов. Қоюшы-дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А. Мұхитдинов. Музыкалық редактор – Т. Жармұхамет. Жарық бойынша суретші – Я. Пантани. Проекция дизайнері – С. Металли. «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, солистері, хоры және балеті. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

– Бұл шын мәнінде ауқымды қойылым болмақ. Театрда үздіксіз дайындық жүріп жатыр. Әртістер өз партияларын жаттап алған, енді оларды тыңдау байқауындағы жауапты сәт күтуде, ал біз болсақ декорациялар мен костюмдер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Эскиздер оларды жандандырып, шынайылыққа айналдыру үшін театрдың өндірістік цехтарындағы мамандардың қолына берілді. Мәселен, декорациялардың күрделі ауқымды элементтері шыныпластик, алюминий мен өзге де қатты материалдардан дайындалады. Сондай-ақ костюмдер цехындағы жұмыс та қыза түсуде: костюмдерді өлшеп көру басталып кетті. Біз сценографияны қалыптастыруда дәуірдің көркемдік көрінісін бейнеледік, алайда тарихи арқау, сөзсіз, сақталды. Спектакльдің бірегейлігі оның көрінісінде, ауқымды декорациялары мен заманауи арнайы әсер беру мүмкіндіктерінде жатыр, – деді қоюшы-суретші мен сценограф С. Тасмағамбетова мен П. Драгунов

Суретшілер көптеген көркем костюмдер ішінен ең көрнектісін таңдап ала алмады, өйткені олардың әрбіреуі үлкен зейінмен жасалған, оларды бөліп-жару мүмкін емес. Алайда Сараның той көйлегі баршаның назарын өзіне ерекше аударады. Бұл дұрыс та, өйткені үйлену тойының көрінісі көркемдігі және молшылығымен ерекшеленуі тиіс.

Атақты әнші әрі композитор Біржан мен дарынды ақын Сараның арасындағы сүйіспеншілік туралы операда өнерпаз адамның бостандық үшін, бақытты болу жолындағы күресі анық көрініс табады. Біржан мен Сараның жүрегінде ескіліктің қағидалары кедергі болған сезім оянды. Біржан өлгенмен, оның халқына деген ыстық махаббаты мен жарқын болашақ туралы армандарынан нәр алған шабытты өлеңдері мәңгілік өшпес мұра боп қалды. М. Төлебаевтың опера жауһарында суреткердің өлмейтіндігі, оның зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы мәңгі күресі туралы идея алға қойылады, өнердің асқақтығы жырланады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры