«Астана Опера» сахнасындағы жауһар туынды – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының жаңа қойылымы: екі интерпретация диалогы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚР композиторлар одағының мүшесі

Алтын (Нұрғиян) Кетегенова

 

«Астана Опера» сахнасындағы жауһар туынды –

М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының жаңа қойылымы:

екі интерпретация диалогы

 

Мұқан Төлебаев – қазақ музыка өнеріндегі қайталанбас дара тұлға.

«Біржан – Сара» операсының алғашқы қойылымынан бері 70 жылдан астам уақыт өтсе, оның авторлары – композитор М.Төлебаев пен либреттист Қ.Жұмалиевтің дүниеден озғанына 50 жыл толды. Ал олардың өміршең туындысы бүгінде жанр классикасына айналып, отандық театр сахнасынан бір күн де түскен емес.

Сөзсіз, аталған музыкалық-сахналық шығарманың ғұмыры ары қарай да жетістікке толы болары хақ.

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары еліміздің жетекші театрлары опера қойылымын жаңартуға кіріседі. Оның ішінде К.Байсейітова атындағы театры (2000), елорда төріндегі «Астана Опера» (2013) және алматылық Абай атындағы театры (2013) бар. Соңғы екеуі өз қойылымдарын композитордың туғанына 100 жыл толуына орайластырып, көрерменге ұсынған.

2018 жылдың көктемі де маңызды мәдени оқиғаның куәсі болды.

Астананың 20 жылдығы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, жас та болса әлемге аты танылып үлгерген «Астана Опера» театры М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсына тағы да көз тігіп, көрермен назарына оның заманға сай жаңа нұсқасын ұсынды. Қазақтың классикалық опера жауһарына деген осыншама зор ықыластың болуы бекер емес. Атап айтсақ, М.Төлебаевтың опера шығармашылығына 1950 жылдан қалыптасқан қызығушылық ХХ-ХХІ ғғ. тоғысында өз кемеліне жетсе, қазіргі уақытта нағыз қайта жаңғыру сәтін басынан өткеруде.

Ең қызығы, бірнеше рет жаңартуларды басынан өткерген М.Төлебаевтың шығармашылық мұрасы осы уақытқа дейін көптеген интерпретациялық шешімдерге ие болса да, заманауи қазақстандық театр сахнасында лиро-психологиялық драма мазмұны жаңа қырынан ашыла түсті. Опера қойылымдарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жылдары дүниеге келген (1946) және бүгіндегі «Астана Операның» нұсқасын (2018) ерекше атап өтуге болады. «Біржан – Сараның» қос интерпретациясы жалпы қазақ ұлттық опера пайымын түсінудегі маңызды кезеңдеріне айналып отыр.

Демек, «Астана Операның» жоғары деңгейдегі кәсіби орындаушыларынан, дирижерлер мен режиссерлерінен құралған шығармашылық ұжымы үнемі ізденісте болып, осынау алып драмалық туындыны заманауи әрі шыншыл баяндауға ұмтылғанын көреміз. Нәтижесінде, «Біржан – Сара» операсының ұсынылған нұсқасын қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панджавидзе қазақ халқының өмір салтын, тұрмысын, әдет-ғұрпы мен дәстүрін сахнада көрсете білгені қуантады. Бұндай шынайылықты көрсетуде белгілі сценографтар – Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов жасаған ғажайып декорациялар мен ұлттық нақыштағы костюмдердің алатын орны айрықша. Осы қоюшылар интерпретациясындағы опера жүйелі ойымен, бейнелеу құралдарын таңдаудағы сындарлығымен, таңғаларлық драматургиялық ауқымымен ерекшеленеді.

Заман үрдісіне сай түрлі салада қарқынды дамып келе жатқан еліміздің ең озық технологияларды қолданып, көзтартарлық опера қойылымдарын жүзеге асырып отырғаны қуантарлық жағдай.

М.Төлебаев пен Қ.Жұмалиев өшпес туындыларының заманауи сахналануын көрсе, дән риза болары анық. Әрине, олар сол дәуірде мұндай мүмкіндер туралы армандай алмаған еді. Алайда технологиясы дамыған ХХІ ғасыр қадам басып, мұның бәрі іске асып отыр. Бұл жерде ойға оралар ақиқат: егер операның музыкалық материалы мазмұнды әрі шыншыл, ал әуені естен кетпес болса, сонымен қатар жоғары деңгейлі орындаушылар – солистер, хор, оркестр жұмылдырылса, сахнада ең батыл ойларды іске асыруға болады.

«Астана Опера» театрының солистері вокалдық және әртістік жағынан өте күрделі партияларды асқан шеберлікпен орындай білді, ал оркестр симфониялық көріністердің қанық бояуын жеткізе алды. Кең ауқымды хор және хореографиялық көріністер көздің жауын алады.

«Біржан – Сара» операсының орындаушылық интерпретациясы айқын психологиялық көзқараста құрастырылған. Режиссерлер әдейілеп кейіпкерлер бейнелерін даралай түскен. Олардың барлығы жан-жақты болғандықтан, көрермен көңілінде түрлі сезімдер туғызып, жағымды және жағымсыз бейнелер ара-жігін анықтау қиынға соғады. Драматургиялық жағынан барынша түсінікті әрі анық оқиға желісі осынау қазақ опера классикасының жауһар туындысын өзгеше баяндауға мүмкіндік береді. М.Төлебаев ең жарқын әрі жүректі тебірентер музыканы басты кейіпкерлерге арнаған. Ұсынылған редакцияның қорытынды көрінісінде Біржан мен Сара өлімді махаббат белгісі ретінде қабылдайды.

Соңғы нұсқада «Астана Опера» режиссерлері қойылым финалын өзгерткен. Басты кейіпкерлер қаза табады. Аналықтың «Жоқтауынан» кейін, Біржанның «Теміртас» әнін пианиссимода хор мәтінсіз а capella орындап, көрермендердің жүрегін елжіретеді.

Аталған қойылым үшін осынау керемет әуеннің аралас хорға арналған өңдеуін жас сазгер Тасқын Жармұқамет жасаған. Хордан кейін іле-шала домбырада танымал халық композиторы Әбікен Қасеновтың «Қоңыр» шертпе күйі тартылады. Күйді асқан шеберлікпен орындаған Руслан Баймурзин – бұрында домбырашы болса, қазіргі таңда «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижері. Дәл осы сәтте симфониялық оркестрдің орындауында баршаға таныс соңғы аккордтар шырқалды. Бұл көрініс ерекше мәнге ие: сахнада тау жоталары жылжып, қолдарына домбыра алған бас қаһармандар – Біржан мен Сараның сұлбасы көрінеді. Спектакль қайғылы аяқталады, дегенмен махаббат пен музыка ажалдан да қайсарлы, өлімнен де өжет екендігі айдан анық.

Қойылымның жаңа нұсқасында пайдаланылған жаңалықтар жөнінде айта келе, симфониялық оркестр рөлінің барынша артқанын атап өткім келеді. Нақты алғанда, барлық маңызды оқиғалар оркестрге жүктеліп, әрбір төрт көріністің басында керемет жарқын, қысқа да нұсқа оркестрлік қосымшалар енгізілген. Олардың авторлық (төлебаевтік) нұсқада да болғанын, алайда тек екінші және төртінші көріністерде орын алғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, оркестрге арналған музыканың жетіспеушілігі сезіліп тұрғандай әсер болатын. Операға, ең алдымен, оркестрлік мәтінде әрі барша музыкалық материал түйінінде көрініс табатын тақырыптың дамуы қажет еді. Еске салар болсақ, М.Төлебаев операны жас шағында жазған. Енгізілген жаңа оркестрлік кіріспелер операның музыкалық материалын барынша байытты, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, сезімдері мен толғаныс-тебіреністерін тереңірек ашуға мүмкіндік берді. Оның үстіне, олар стилистикалық тұрғыдан М.Төлебаевтың музыкалық мәнеріне тән екпінді орамдардың шеңберінен асқан жоқ.

Осы интерпретацияда Біржан мен Сара махаббаты алдыңғы шепке шығарылғаны байқалды. Сол себепті, олардың айналасында орын алып жатқан оқиғалар ерекше қанық әрі айқын қабылданады. «Біржан – Сара» операсының оркестрге өңделуі жөнінде Е.Брусиловский 1947 жылдың өзінде-ақ «Композитор Мұқан Төлебаев» атты мақаласында: «Біржанда» көрініс тапқан М.Төлебаевтың өзіне тән ерекшелігі – айрықша лиризм болып табылады. Жас сазгердің осынау сыршылдығы оны қазақ халық әндерімен етене жақын ете түсті. Қазақ халық лирикалық әндерінің үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, талғампаз композитор операдағы қимыл қарқынын баяулататын лирикалық сәттерден арыла алды», – деп атап өткен еді. /Брусиловский Е. Композитор Мукан Тулебаев // Казахстанская правда. – 1947. – 8 июня/

Ал композитордың өзге замандасы Ғ.Жұбанова Е.Брусиловскийдің пайымын растап: «Бірінші орында – қалықтап самғаған, поэзиялық, асқақ әуен тұрады, ал оның сүйемелдеуі қарапайым, негізінен әуенге көбірек тоқталып, оның лирикалық мәнін ашады. Мен кескінсіз, бейтарап сүйемелдеу жайлы айтып отырғаным жоқ. Мүлдем. Ол да дараланған, әуенді басып озбайды, шегінен шықпайды, онымен жарысқа түскен «бақталас» емес», – деген. Бұдан әрі, басталған ойын жалғастыра отырып: «М.Төлебаевтың таңғажайып шығармашылық олжасы – операның соңы. Бұл финал да оның лирикалық шығармашылық түйінінен шықса керек. Ананың қатты еңіреп, жылауы емес, керісінше халық арасында өнері қалған әншіні жоқтау болмақ. Оркестрдегі скрипканың жоғарғы регистрдегі ашық аккордтары мен ананың төмен дауысы тыңдаушылар құлағында ерекше көңіл-күй тудырады: осындай алып әншілері бар кезде өмір әрдайым нұрлы әрі жарқын болмақ!» – деп атап өтеді. /Жубанова Г. Мир мой – музыка. Т.1 – Алматы, 1997/

Дирижер Абзал Мұхитдиновтың партитуралық оқылымының өзгешелігі – ол оркестрлік партияны барынша айқын әрі анық, яғни жан-жақты «нұрландыра» түскені. Қажет жерінде дыбысталуын үдеткен, жекелеген музыкалық жолдарды нақтылаған. Ал кей тұстарында оркестрді тек вокалдық партияларды сүйемелдеу үшін пайдаланған. Осылайша таңғаларлық кеңістік әсерін жасаған. Оркестрдің барлық аспаптары «дем алған» тәрізді, қойылым барысын қадағалап, бірге «уайымға» түскендей.

Операны баяндаудағы осындай тәсіл өзекті әрі тиімді, себебі оқиға дамуының егжей-тегжейін аңғаруға мүмкіндік береді. Айтпақшы, партитураның мұндай дендеп оқылымы А.Бөрібаев дирижерлік еткен А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында да байқалған еді.

Орындаушылардың өнерін сөз етпес бұрын, Төлебаевтың вокалдық музыкасын орындау аса қиын екенін атап өткен жөн. Бұл әнге де, романсқа да, сонымен қатар операдағы жекелеген нөмірлерге де қатысты. Әншілер терең тынысқа, кең диапазонға, мықты да қуатты дауысқа, жақсы кәсіби дайындыққа ие болуы тиіс. Атап айтсақ, Біржанның партиясын орындайтын әншіге қиынға соғары сөзсіз, бұл әрбір лирикалық-драмалық тенордың қолынан келе бермейді: ол көлемі жағынан ауқымды ғана емес, сонымен қатар екпінді әрі ырғақты тұрғыдан алғанда күрделі болып табылады. Оның үстіне, дауыстың «самғап, қалықтауы» әрі «таза» тембрі болғаны, яғни вокалистің әрбір алған дыбыстағы обертоны оркестр аспаптарының обертонынан біршама жоғары болғаны дұрыс. Сондықтан бас кейіпкерлер – Біржан мен Сара партиясын орындаушылар айрықша «төзімділікке» ие болуы керек.

Әсіресе, Біржанның партиясы күрделі, себебі ол операның барлық көріністерінде орындалады. Оның көптеген ариялары, Сарамен, анасы және Алтынаймен дуэттері көлемі жағынан едәуір ауқымды. Оның үстіне, олардың басым бөлігі үш бөлімді немесе күрделі екі және үш бөлімді түрде жазылған. Мысалы, Біржанның «Сарыарқа» лирикалық-драмалық ариясы М.Төлебаевтың үздік туындылары қатарына жатады. Әуеннің қанықтығы, мәнерлілігі, кең кантиленасы бойынша бұл музыка Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Каварадоссидің «В небе звезды горели» ариясымен, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің «Куда, куда вы удалились» ариясы және өзге де атақты туындылармен теңестіріліп, бір қатарға қойылады.

Әдетте, спектакльден кейінгі келесі күні әншілердің дауысы «отырып», қарлығады. Бір жағынан, мұны барлық маңызды драматургиялық композицияларға Біржанды қатыстыруға ұмтылған Мұқан Төлебаевтың «ерен еңбегінің» нәтижесі деуге болады. Сондықтан Біржанның вокалдық партиясы айқындылығымен, әуенінің сұлулығымен, шарықтау шегі бар кең ауқымымен, әуезді кантиленалық әуендер арасындағы қосымшаларымен ерекшеленеді. Осының бәрі кейіпкердің вокалдық партиясын барынша күрделендіре түседі.

Сараның партиясына келетін болсақ, операның алғашқы екі нұсқасында (барлығы үш нұсқа болған) оның жеке нөмірлері көп болмаған. Алайда спектакльдің музыкалық-драмалық арқауын жетілдіру барысында М.Төлебаев операны басты кейіпкерге арналған бірнеше жаңа опустармен толықтырған, соның салдарынан операда музыкалық тұрғыдан алғанда Сараның қызықты жеке өнер көрсетулері пайда болды.

Жоғары тесситураны игерген және дауысының лирикалық-драмалық тембрі бар тенорлар айтарлықтай сирек кездесетінін атап өтсек болады.

Сонымен, бірінші құрамға Мейір Байнеш пен Майра Мұхамедқызы қатысқан. Олардың өнері үлкен қарқындылығымен ерекшеленді. Әйгілі кейіпкерлердің тұлғалары көрермендердің есінде қалды. Көрермен техника көмегімен іске асқан табиғат көріністеріне таң-тамаша болды. Ал күшті, тамаша шырқалған солистердің дауыстары үйлесімді ансамбльде айқын ашылып, болып жатқан оқиғалардың мәнін, төгіліп жатқан әуеннің сұлулығын көрермендерге жеткізді.

Екінші құрамда дәстүрлі қазақ әнінің рухын жеткізген солистер Бейімбет Таңарықов пен Жаннат Бақтайдың өнері ұсынылды. Оның үстіне, еуропалық ән орындау мәнері арқылы жеткізілген бейнелердің жаңа қыры мен фольклордың айқын көріністері сезілді.

Бірінші құрамға қайта келер болсақ, Мейір Байнештің «Астана Опера» театрында жасап жатқан бес жылғы жұмысы барысында дауысы жаттығып, барынша икемді, төзімді және қарқынды бола түскен екен. Біржан бейнесін қалыптастырып, өз қаһарманын бекзат, парасатты әрі асқақ етіп көрсетті. Біржан (Мейір Байнеш) сахнаға шыққан сайын жаңа жағынан ашыла түсіп, бұл кейіпкердің көркемдік бейнесінің үнемі дамуын қамтамасыз етті. Әсіресе II бөлімнің вокалдық партиялары сәтті шыққан.

Бейімбет Таңарықовтың орындауындағы екінші құрамдағы Біржан –бірқатар ерекше қырынан көрінді. Шеберлік жағынан алғанда оның өте тәжірибелі және өткір мінезді екені сезіледі. Өзіне тән ән орындау мәнері мен күшті лирикалық-драмалық дауысы қайсар қазақ батырларының бейнелерімен еріксіз байланыстырылады. Бейімбет Таңарықов Біржанды батыл әрі өжет етіп көрсетті.

Біржанның рөлін осылайша жеткізу көрермендердің жүрегінен орын алды деп сеніммен айтуға болады. Біржанның орта таптан шыққан біртума ақын, сал-сері болғаны белгілі. Жас кезінде әртүрлі ақындық сайыстарға қатысып, өзінің ниеттес дос-жарандарымен көптеген ауылдарды аралап, көз тартарлықтай әдемі киінуге тырысқан, сәйкесінше өзін-өзі маңғаз әрі ерікті ұстаған.

Басты әйел рөлі Сараға баға беретін болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қос әртісі: Майра Мұхамедқызы мен Жаннат Бақтайдың орындауында бұл бейне өте көңілге қонымды және терең мәнде ұсынылған. Бұдан республикамыздың екі атақты солистерінің аса үлкен ән орындау және актерлік шеберлігін көреміз. Дауыс тембрлері әртүрлі болса да, олардың партиялары жеңіл тыңдалады. Майра Мұхамедқызының дауысы – шарықтап қалықтаса, Жаннат Бақтайдың дауысы – айтарлықтай қанық және қоңыр. Әншілердің тамаша сыртқы келбеті, музыкалық материалды жеткізудегі шынайылығы мен нәзіктігі, сондай-ақ әртістік шеберлігі – қойылымның тартымды тұсы болғаны сөзсіз. Жалпылай алғанда, екі құрам да үлкен табыспен өнер көрсетті. Бұл, әлбетте, орындаушылардың өз рөлдері мен партияларына деген сүйіспеншілігінің нәтижесі екені айқын.

Екінші деңгейлі кейіпкерлердің орындаушылары да сәтті таңдап алынған. Жанбота рөлінде Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев, Алтынай – Салтанат Ахметова мен Айзада Капонова, Жиенқұл – Ержан Саипов пен Талғат Ғалеев, Қожағұл – Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан, Аналық – Дина Хамзина мен Гүлжанат Сапақова, Естай – Жұмабек Қаңтарбаев. Олардың ішінде Алтынай рөліндегі Салтанат Ахметова мен Естайды орындаушы – Жұмабек Қаңтарбаевты ерекше атап өткім келеді.

Молдалардың ортаға шығуы режиссерлік тапқырлықпен жүзеге асқан. Бүкіл опера бойы олар Жанботаға жақын адамдар ретінде сахнаға үйлесімді шығып отырады. Сонымен бірге, олардың вокалдық партиялары болыс Жанбота мен Серіктің сөздері арқылы жеткізіледі.

Тамаша әрі бай декорациялар мен костюмдердің арқасында көрермендер естен кетпес әсер алды. Олар Көкшенің ерекше табиғатына еніп, таңғажайып әлеміне сапар шеккендей болды.

«Біржан – Сара» операсы сол заманның рухын жаңадан жасауға мүмкіндік беретін жаңа техникалық және технологиялық құралдарды қолданбайынша, көрермен тарапынан осыншалық қошемет пен ыстық ықыласқа бөленбес еді. Көне үй жабдықтарының көптеген атрибуттары көрнекі түрде ғажап ұсынылды. Ал ерекше талғам мен кең ауқымда тігілген қазақ ұлттық киімдері өзінің сәнімен жұртшылықты таңғалдырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген көпестер, халық, әйгілі күйшілер мен ақындар, палуандар, сиқыршылар, акробаттардың басын қосқан Қоянды жәрмеңкесінің атмосферасы тамаша жеткізілді.

Сөйтіп, жаңа қойылымды іске асыруда қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панджавидзе, сондай-ақ дирижер Абзал Мұхитдинов ерекше рөл атқарды. Аталған шығармашылық одақ операның сюжеттік арқауына және тиісінше оның партитурасына бірқатар елеулі өзгерістер енгізді. Өзгерістер, негізінен, соңында екі бас кейіпкердің қаза табуына әкеліп соқтырған Жанботаның – Біржан мен Қожағұл арасындағы, Жиенқұл мен Алтынайдың – Сарамен арадағы кикілжіңдерін күшейтуге бағытталған музыкалық нөмірлерді қайта қоюға қатысты болды. Түпнұсқаны еске сала кетсек, соңғы көріністе тек Біржан қаза табатын.

Мұнымен қатар, кейіпкерлердің өзіндік дара көрсетілуі барлық бейнелердің баяндалуына өзгешелік алып келді. Алға қойылған міндеттерді шешу барысында қоюшылар жағдайдан шығудың оңтайлы жолын табуға мүмкіндік берген М.Төлебаевтың бастапқы нұсқасына арқа сүйенгені айдан анық.

Операның сәтті әрі жарқын қойылуына «Астана Операның» басшылығы, қоюшы режиссерлер, дирижер, оркестр, солистер, хормейстер, хор, балетмейстер, балет әртістері мен менеджент тең дәрежеде ықпал етті. Ұжымның жүйелі жұмысы операның идеялық мазмұнын шынайы әрі дәл ашуға бағытталғаны көрініп тұр.

Жаңартылған «Біржан – Сара» қойылымының дайындықтары мен тұсаукесеріне қатыса отырып, маған «Астана Опера» театрының ішкі өмірінің қызықты атмосферасына етене жақын араласу бақыты бұйырды. Көпқұрамды ұжымның жоғары кәсіпқойлығын, оның жұмысқа, ортақ мақсатқа қол жеткізуге деген жауапкершілігі мен қызығушылығын, шығармашылық үдерістің ғажап ұйымдастырылуын атап өткім келеді. «Астана Операның» дарынды әрі ұйымшыл ұжымына және оның басшылығы – театр директоры Ғалым Ахмедьяров пен директордың бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиевке шығармашылық табыс, жаңа белестер мен орасан зор жеңістер тілейміз!

Осылайша, Мұқан Төлебаев операсының жаңа қойылымы ұлы қазақ композиторының опера жанрында іргетасын қалаған айтулы тұлғалардың ең үздік жетістіктерін қорытындылағанын растап қана қоймай, жоғары деңгейге көтере түсті. «Біржан – Сара» лирикалық-драмалық операсы Орта Азия мен Қазақстанның кәсіби музыка тарихында ерекше орын алады. «Біржан – Сара» композитордың шығармашылық жолының шыңы болып қана қоймай, қазақ опера классикасының маңдай алды үлгісі болып табылады. Ғ.Жұбанова «Біржан – Сара» операсын Қазақстан композиторларының опералық шығармашылығындағы шоқтығы биік құбылыстар қатарына жатқызып, М.Төлебаев шығармашылығының шыңына балайды. Ол: «Бұл операның қазақ музыкалық өнеріндегі маңызын асыра бағалау қиын… «Біржан – Сара» – нағыз халықтық опера, бұл – жас композиторларға арналған мектеп. Онда нағыз әуезділік, тыныстың кеңдігі, ұлттық нақыштың көркемділігі мен әсерлілігі жатыр» – деп нақтылады. /Жубанова Г. Мастер казахской музыки//Казахстанская правда. – 1963. – 13 марта/

Қорыта келгенде, «Астана Операның» М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын қоюдағы түпкі ойы теңдессіз жаһандығымен ерекшеленеді. Ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Осыншалық ауқымды жоба айрықша дайындық пен ұлттық мәдениеттің пісіп-жетілген тұсында ғана жүзеге асырылуы мүмкін еді.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры