«Астана Опера» «Қазақстандық балеттің болашағы мен бүгіні» кешін ұсынады

19 мамыр күні елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында әртістердің екі буыны – Қазақ ұлттық хореография академиясының жас оқушылары мен «Астана Операның» тәжірибелі солистерінің басын біріктірген Гала-балет өтеді.

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова екі бөлімнен тұратын мазмұнды бағдарламаға Хачатурянның «Гаянэ» балетінен сюитаны және классикалық әрі заманауи балеттерден үзінділерді қосқан.

ХХІ ғасырда «Гаянэ» балеті театр сахналарынан жоғалып кетті, алайда спектакльдің Нина Анисимова хореографиясындағы жекелеген нөмірлерін концерттік бағдарламаларға қосу жалғасуда. Осы кеште елорда тұрғындары мен қала қонақтары Қазақ ұлттық хореография академиясының дарынды жас әртістерінің орындауында осы балеттен сюитаны алғаш рет тамашалайды. Театр мен академияның осынау бірегей бірлескен жобасы қазақстандық балеттің күш-қайратын, оның болашағы мен бүгінін көрсетуге бағытталған. Әртістердің жас буыны өздерінің барлық әлеуетін паш етуі тиіс. Олардың есімдері қалың бұқараға әлі белгісіз, дегенмен жақын арада олар Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ шетелдік театрлар афишаларының сәнін келтіретін болады.

Бағдарлама «Астана Опера» әртістерінің интерпретациясындағы әлемдік хореография жауһарларымен жалғаспақ. Көрерменге М.Петипа хореографиясындағы Р.Дригоның «Арлекинада» балетінен па-де-де, Л.Лавровский хореографиясындағы С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен дуэт, М.Петипа хореографиясындағы (Е.Шерстнева редакциясы) Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен сыған биі және т.б. әзірленген.

Кештің көркі – әйгілі балетмейстер Р.Пети хореографиясындағы Ж.Бизенің музыкасына «Кармен» балетінен дуэт болмақ. Еске салар болсақ, «Астана Опера» сахнасына бұл дуэтті атақты балетмейстер Луиджи Бонино шығарған. Заманымыздың көрнекті хореографы Ролан Пети бұл дуэтті өзінің жары, сұранысқа ие балерина Зизи Жанмер үшін қойғаны белгілі. Нөмірдің негізгі тақырыбы – құштарлыққа толы Кармен мен батыл Дон Хозенің жалынды махаббат көріністері. Елордалық сахна төрінде дуэтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина мен Рүстем Сейітбеков орындайды.

Сондай-ақ өздерінің шебер орындаушылық өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Әнел Рүстемова, Әйгерім Бекетаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, Серік Нақыспеков, Анастасия Заклинская, Шұғыла Әдепхан, Далер Запаров, Назира Заетова, Бостан Қожабеков, Данияр Жұматаев, Наталья Кондя, Сұлтанбек Ғұмар, Ғалымжан Нұрмұхамет және т.б. паш етпек.

Концерт маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуінде өтеді.

Гала-балеттің тағы бір қызықты бағдарламасы көрермен назарына 2019 жылдың 2 маусымында ұсынылады. Оған «Астана Опера» театры әртістерінің орындауында Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» бір бөлімді балеті мен классикалық балеттерден па-де-де, заманауи отандық әрі шетелдік хореографтардың миниатюралары енген.

Концерттердің басталуы: 19 мамыр сағат 19:00-де, 2 маусым сағат 18:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры