«Астана Опера» Жаңа жылмен құттықтайды

Желтоқсанның 29, 30 және 31 күндері Үлкен зал сахнасында «Астана Опера» құттықтайды» мерекелік кеші өтеді. «Астана Операның» жетекші солистері, симфониялық оркестрі мен хоры театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Танымал дирижер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев әлемнің түрлі елдерінде жаңа жылдық бағдарламаларымен жиі өнер көрсетуде. Биыл маэстро отбасылық керемет мейрамды туған елінде атап өтпек. Әлемдік сахналарда жаңа жылдық концерттерді өткізу тәжірибесіне ие маэстро Астанадағы ауқымды шығармашылық жоспарды жүзеге асыруға ерекше құлшыныспен кірісті.

– Жаңа жыл қарсаңында әрбір жан ғажайып, ерекше сиқырды күтеді. Менің қалауым – адамдарға мереке, қуаныш, керемет көңіл-күй сыйлау. Театрымыздың сахнасынан тыңдарманымыздың әлі де көрмеген айрықша бір дүниесін жасағымыз келеді. Осы жылы концерттің негізгі тақырыбы оперетта жанры болмақ. Опереттаның Алтын ғасырына жататын И.Штраустың шығармалары, сонымен қатар опереттаның Күміс ғасырында өнер сүйер қауымды тамсандырған хас шеберлер – Ф.Легар мен И.Кальманның туындылары шырқалады. Дәстүр бойынша, Жаңа жыл алдында осынау ғаламат музыканы көптеген атақты еуропалық ұжымдар орындайды. Біздің концертімізге келген көрермен солистерімізді басқа қырынан таниды деп ойлаймын. Бұл күндері бәріміз, оркестр, хор әртістері, солистеріміз елорда тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтайтын боламыз, – деп атап өтті атақты маэстро Алан Бөрібаев.

«Астана Операның» жетекші солистері, операның жарық жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, Сүндет Байғожин (ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты), Медет Шотабаев, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Башқұрстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев және т.б. өз өнерлерін тыңдарманға паш етпек. Сондай-ақ концертке театрдың жарқын да керемет солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Бейімбет Таңарықов, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Галина Чеплакова, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Малика Минизини, Назым Сағынтай, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, дарынды жас вокалистер, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ержан Саипов, Александр Красиков, Ерұлан Кәмел, Руслан Совет, Мағжан Аманжолов және т.б. қатысады.

Қызықты да тартымды бағдарлама С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ж.Бизенің «Кармен» сынды опера жауһарларының, Л.Бернстайнның «Вестсайд оқиғасы», Ф.Лоудың «Моя прекрасная леди» мюзиклдерінің ария, дуэттерінен, И.Штраустың «Жарғанат», Ф.Легардың «Веселая вдова», «Джудитта», «Страна улыбок», И.Кальманның «Королева чардаша» және т.б. атақты оперетталардың көріністерінен тұрады. Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сиса», Дж.Россинидің «Тарантелла», А.Зацепиннің «Весенние голоса», «Вальс о весне», Э. де Куртистың «Вернись в Сорренто» неополитандық әндері, Э. ди Капуаның «О Sole Mio», Э.Каннионың «Влюбленный солдат», джаз туындыларынан құралған попурри және т.б. шырқалады.

Басталуы сағат 17.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 – 70 95 94) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры