«Астана Опера» гастрольдік сапармен Италия мен Литваға аттанбақ

«Астана Опера» балет труппасының Еуропа қалалары бойынша гастрольдік афишасына А.Хачатурянның әйгілі «Спартак» балеті енген, әртістер аталмыш қойылымды Римде 1-2 шілде күндері Teatro dell’Opera di Roma театрында сахналайды, ал үш күннен соң – 5 шілдеде керемет Гала-балет бағдарламасымен Литваның Каунас қаласында өнер көрсетеді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

«Спартак» балетіндегі басты партияны Италия астанасы көрермендерінің, сондай-ақ Генуя, Милан, Равенна және Сполето жұртының ыстық ықыласына бөленген тамаша биші Бақтияр Адамжан орындайды.

Бақтияр Адамжанның Спартагы биінің қалықтауымен, аяқ ұшымен жерге екі-ақ рет жанасып, сахнаны кесіп өтетін атақты көлбеулерімен есте қалады. Б.Адамжан мінсіз техникаға ие – ол шайқас көріністерінде де, рухы түсіп, күмәнданған сәтте әлсіз болудан қорықпайтын монологтарында да табиғи, себебі ол өзінің басты мақсатын – осы қадамының жойқындылығын түсіне отырып, таңдайтын бостандығын әрдайым жадында сақтайды.

Жақында ғана туған сахнасында Фригия партиясында Әйгерім Бекетаева дебют жасады. Оның нәзік кейіпкері Спартакқа махаббатын сыйлап, жан азабын ұмыттырып қана қоймай, күресуге шабыт береді. Осынау бейнеде әртіс өзінің керемет дарынының лирикалық табиғатын бар қырынан паш етеді, алайда қатыгез куртизанка Эгинаның бейнесінде де сахна төрінде сәтті өнер көрсеткен еді.

Красстың партиясын Арман Оразов дайындауда, Эгина – Әсел Шайкенова, Гладиатор – Серік Нақысбеков және т.б.

Бұл атақты балеттің 20-дан астам нұсқасы бар, ол дүние жүзі бойынша қойылуда, бірақ көрнекті балетмейстер Юрий Григоровичтың Үлкен театрда қойған «Спартагы» ең үздік болып табылады, оны хореографтың өзі «Астана Опера» сахнасына алып келген, енді осынау балет өнерінің жауһарын римдік жұртшылық тамашалайды. Әр күндері «Астана Опера» Симфониялық оркестріне Абзал Мұхитдинов пен Арман Оразғалиев жетекшілік етеді.

Театр труппасын литвалық көрермен де асыға күтуде, 5 шілде күні өтетін Гала-Балет афишалары көптен бері Каунас қаласының сәнін келтіруде. Екі бөлімнен тұратын бағдарламаға – классикалық балеттерден па-де-де, отандық әрі шетелдік заманауи хореографтардың миниатюралары енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжанның орындауындағы М.Жаррдың музыкасына ХХ ғасырдағы ұлы балетмейстер Р.Петидің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы» балетінен дуэт пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина мен Рүстем Сейітбековтің орындауындағы Ж.Бизенің музыкасына Р.Петидің хореографиясындағы «Кармен» балетінен дуэт Гала кештің інжу маржанына айналмақ.

 

Сондай-ақ бағдарламаға қазақстандық композитор А.Райымқұлованың музыкасына белгілі швейцариялық балетмейстер Ксения Звереваның хореографиясындағы «Заман тынысы» балетінен екі керемет дуэт енген. Дуэтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен Олжас Тарланов ұсынады. Тартымдылығы жағынан еш кем түспейтін тағы бір нөмір – Дж.Уильямстың музыкасына «Жоғалған жұмақ» көрінісін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина мен Жәнібек Иманқұловтың интерпретациясында тамашалауға болады.

Сонымен қатар, М.Петипаның хореографиясындағы танымал әрі баршаның сүйікті «Жизель» балетінен па-де-де көрерменге қуаныш сыйлайтын болады. Атақты спектакль жақында ғана елордалық театрдың репертуарын толықтырды, нөмірді дарынды әртістер Анастасия Заклинская мен Олжас Тарланов орындайды.

Көрермендерге өз өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, Серік Нақыспеков, Еркін Рахматуллаев және т.б. өнерпаздар да паш етпек.

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

 

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры