«Астана Опера» бесінші театр маусымын тамамдады

 «Астана Опера» театрының бесінші мерейтойлық маусымының ауқымды жобалары Елорданың 20 жылдығына арналған еді. Театр репертуары опера және балет өнерінің әлемдік жауһарларымен толықты. Осының бәрі – Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бекітілген Мәдени саясат тұжырымдамасын толық көлемде жүзеге асырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең ірі театрдың шығармашылық ұжымының орасан зор күш-жігерінің нәтижесі.

Не болды?

Бұл маусымда «Астана Опера» театры 6 ауқымды премьера ұсынды, атап айтқанда – Жорж Бизенің «Кармен» операсы, Адольф Аданның «Корсар» балеті, Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсы, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакциясы, Карл Дженкинстың «Shine Astana» салтанатты одасы және Раймондо Ребек пен Ксения Звереваның «Заманауи хореография кеші» орын алды.

Ж.Бизенің «Кармен» операсы қоғамда үлкен резонанс тудырғанын атап өткен жөн: премьераға билеттер аса жылдамдықпен сатылып кеткендіктен, көрермендердің көпшілік сұрауы бойынша «Астана Опера» сатылымның қосымша күнін қойды. Қазіргі таңда осынау спектакль театр репертуарындағы ең кассалық қойылымдардың бірі болып табылады.

Сірә, есте қаларлық ауқымды жобаның бірі әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаевтың жүзеге асырған «Shine Astana» іс-шарасы болған шығар. Британ композиторы Карл Дженкинстың музыкасы елорда тұрғындары мен қонақтарын шаттыққа бөледі. Концерттің бірегейлігі – мыңнан астам музыканттың қатысуында жатыр, атап айтқанда, Қазақстанның барлық аймағынан, сонымен қатар Италия, Австрия, Германия, Голландия, Грекия, Хорватия, Ресей, Беларусь, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген құрама симфониялық оркестрлер мен хорлар, сондай-ақ танымал қазақстандық тенор Медет Шотабаев пен әлемдік жұлдыз – америкалық опера сопраносы Энджел Блу, «Астана Опера» жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, елордалық ұжым осы жылы да ашық аспан астындағы жобаларды жүзеге асыру дәстүрін жалғастырды. Осылайша, қазақ опера өнерінің жауһары – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы Бурабай аспанының астында, Абылай ханның тарихи алаңында ұсынылды. «Астана Опера» театрының айтулы опера әртістері қатысқан спектакльге ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев келді.

Маусымның жарқын қорытындысы атақты Париж ұлттық опера театры балет солистерінің гастролі болды. Еуропалық балеттің тамаша әртістері 4 кеш ішінде қазақстандық көрерменге асқан өнер мерекесін сыйлады. Gala de Paris кең ауқымды бағдарламасына әлемдік хореография жауһарлары енді. «Астана Опера» Симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей – АҚШ) жетекшілік етті.

Статистика

Осы кезең ішінде театрға 126 217 көрермен келді.

Гастрольдер

«Астана Опера» театрының гастрольдер шекарасы жыл сайын арта түсуде. Бесінші маусымда балет труппасы әйгілі итальяндық «Карло Феличе» театрында өнер көрсетті: 2017 жылдың 23 қарашасында генуялық көрермен М.Жаррдың музыкасындағы Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетін ұсынған «Астана Опера» әртістерінің шеберлігіне тәнті болып, ыстық ықыластарын білдірді.

Үздік жетістіктерімізді танытуға бағытталған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының министр Арыстанбек Мұхамедиұлымен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі болғаны заңдылық. «Астана Опера» театры ұлттық мәдени мұраны дәріптеу бойынша жұмыстарды белсенді түрде жүргізуде.

Желтоқсан айының соңында Венгрияның астанасы – Будапешт және Печ қалаларында «Астана Опера» труппасы ұсынған концерттік бағдарламалар аншлагпен өтті.

Бұдан өзге, «Астана Опера» театры Қазақстан қалалары бойынша опера және балет спектакльдерін көрсетті. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында елордалық труппа қазақ музыкалық өнерінің асқан туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық классикалық операсын, сонымен қатар ХХ ғасырдың атақты хореографтары Кеннет Макмилланның «Манон» және Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балеттерін ұсынды.

2018 жылдың мамыр айында «Астана Опера» театры опера труппасының жетекші солистері мен хоры Қарағандыда өнер көрсетті: Кеншілер мәдениет сарайында маэстро П.Грибановтың жетекшілігіндегі Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Симфониялық оркестрімен бірге музыканттар Дж.Пуччинидің «Богема» опера жауһарын орындады.

Қайырымдылық

«Астана Опера» ашылған сәтінен бастап тұрақты түрде қайырымдылық концерттер өткізіп келеді. Бесінші маусымда ұжым жаңа жылдық қайырымдылық ертеңгіліктер ұйымдастырды, оларға 110 бала келді. Бұдан бөлек, «Астана Опера» театрының Камералық залында «Түрлі дауыстар әлемі» қайырымдылық концерті өтті, оны 300 бала тамашалады.

Сонымен қатар «Астана Опера» қабырғасында «Қараңғыда шырқалатын музыка» атты бірегей қайырымдылық концерт өтті, ол мүмкіндігі шектеулі жастар мәселелеріне көңіл бөлу мақсатымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ Камералық залда өтетін концерттерге ардагерлер мен мүгедектер шақырылады.

«Астана Операның» балаларға арнауы

Шығармашылық ұжым өскелең ұрпаққа арналған бағдарламаны қалыптастыруға ерекше назар аударады. Мысалы, бесінші маусымда «Астана Опера» мазмұны жағынан бірегей жаңа жоба – «Театр сабағын» іске қосты. Ол кешкі қойылым жайлы лекциядан, «Астана Операның» сахна сыртына жасалған экскурсиядан және Үлкен залда өтетін опера спектаклін тамашалаудан тұрады.

Сондай-ақ Камералық зал сахнасында бірнеше тұсаукесер орын алды: Тілеуғазы Бейсембектің музыкасына «Самұрық келген таң» атты балаларға арналған спектаклі мен Эдвард Григтың музыкасына «Пер Гюнттің саяхаты» концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Айта кетер болсақ, «Астана Опера» балалар театралдық студиясы осы жылы өзінің бес жылдығын атап өтті. Көрермендер Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», сондай-ақ Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», Ж.Бизенің «Кармен» операларынан хор студиясының тәрбиеленушілерін көре алады. Балет студиясының жеткіншектері «Дон Кихот» қойылымында аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры әртістерімен, сонымен қатар Мариин театрының гастролі аясында Рихард Вагнердің «Рейн алтыны» операсында майталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті.

Жеңістер

Театр солистері халықаралық сахнада «Астана Опера» мен Қазақстанның намысын абыроймен қорғады:

Белгілі қазақстандық балет әртісі, «Астана Операның» жетекші солисі, көптеген беделді халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан биыл Dance Open (Санкт-Петербор, Ресей) мәртебелі халықаралық балет сыйлығының «Мистер Виртуозность» аталымы бойынша лауреат атанды.

«Астана Опера» театрының балет солисі Серік Нақысбеков «Арабеск-2018» (Пермь, Ресей) байқауының лауреаты атанды.

Керемет әнші-сопрано, «Астана Опера» театрының солисі, «Құрмет» орденінің кавалері, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова Италияның Пезаро қаласында өткен Дж.Россинидің XV халықаралық байқауында 1-ші орынды иеленіп, жарқын жеңіске қол жеткізді.

Марапаттар

Әртістердің еңбегі жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен еленуде. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Астана Операның» жетекші балет солисі Бақтияр Адамжан мен опера труппасының солисі Мария Мудряк 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты болды. Бақтияр Адамжан «Театр және кино», Мария Мудряк «Классикалық музыка» аталымы бойынша «Дарын» сыйлығын иеленді.

Вокалистер Сүндет Байғожин мен Айзада Капонованың жарқын марапаттарының тізімі ғылым және мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін берілген Құрмет орденімен толықты.

Қаңтар айында «Астана Опера» театрының жетекші солисі Медет Шотабаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Ал наурыз айында Медет Шотабаев тағы бір марапатқа – Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Италия Жұлдызы Орденіне ие болды. Бұл сыйлықтың жарты ғасырлық тарихы бар, осы жылдар ішінде әнші командор дәрежесіне лайық деп танылған алғашқы қазақстандық еді.

Ал келесі жетекші солистер «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығын алды: Сүндет Байғожин «Үздік опера солисі» аталымында лауреат атанса, Мәдина Басбаева «Үздік балет әртісі» атағына иеленді.

Атақты дирижер Зубин Мета мен әлемге әйгілі сценограф Эцио Фриджерио қазақстандық өнердің дамуына зор үлес қосты. Олар өнерге баға жетпес еңбек сіңірді және осындай  деңгейдегі тұлғалармен жұмыс жасау жас театр үшін үлкен құрмет.

14 наурызда Лос-Анджелесте (АҚШ) жер жүзіндегі ең атақты музыкант Зубин Метаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы – ІІ дәрежелі «Достық» ордені ұсынылды. Ал 23 мамырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астана Опера» театрында заманымыздың көрнекті сценографтарының бірі Эцио Фриджерионы еліміздің мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ынтымақтастық

«Астана Опера» театры әлем бойынша шығармашылық ұжымдармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Осы маусымның маңызды оқиғаларының бірі – Ла Скала театры академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы.

«Астана Опера» сахнасында бесінші маусым аясында Давиде Ливермор, Раймондо Ребек, Ксения Зверева, Камен Чанев, Энджел Блу, Сэ Ын Пак және т.б. танымал тұлғалар қызмет етті.

Беларусь Үлкен театрының бас дирижері, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Виктор Плоскина Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде «Астана Опера» Симфониялық оркестріне дирижерлік етті. Аты әлемге әйгілі француз аккордеоншысы әрі композиторы Ришар Гальяно алғаш рет «Астана Операның» Камералық залында «Музыка мерекесі» атты концерт ұсынды.

Керемет қазақстандық әртіс, халықаралық байқаулардың көптеген гран-при иегері, «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан Мемлекеттік Кремль Сарайында (Ресей, Мәскеу) өнер көрсетті. «ҚОЛТАҢБА мен БЕДЕЛ» жобасының аясында аты аңызға айналған әртіс Рудольф Нуреевтің құрметіне орай шебер биші әрі балетмейстердің 80-жылдығына «Рудольф Нуреев. Өткеннен болашаққа» атты әлемдік балет жұлдыздарының гала-концерті ұсынылды.

«Астана Опера» театрында тұрақты түрде әртістерге арналған шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады. Есте қалғандардың бірі – дүние жүзінде сұранысқа ие  француз педагог-балетмейстері Янник Бокуин мен әлемге танылған балет әртісі, педагог әрі хореограф Ирек Мухамедовтың бірегей әдістеме бойынша балет труппасына өткізілген сабақтары.

Алдағы жоспар қандай?

«Астана Опера» театралдық маусым арасында елорда тұрғындары мен қонақтарына Камералық залдың қанық бағдарламасын ұсынады. Алтыншы театр маусымы ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында басталмақ. Оның жарқын әрі есте қаларлықтай болып өтері анық. Көрермен қауымды ұлттық әрі әлемдік опера және балет классикасы жауһарларының тұсаукесерлері күтуде. Алтыншы маусымның ең көп күтілетін тұсаукесері қазан айында орын алмақ. Тыңдармандар үшін Джоаккино Россинидің әлем бойынша мыңдаған рет қойылуына себеп болған шапшаңдық әрі музыкалық әзіл-оспақтығымен ерекшеленетін «Севильдік шаштараз» операсы дайындалуда.

Театр репертуары Т.Қажығалиевтың «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» ұлттық балетімен толықпақ. Музыкалық материал Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» атты аяқталмаған балеті мен композитордың өзге де шығармаларының үйлесіммен біріктірілген үзінділерінен құралған. Жас ғашықтардың қайғылы махаббаты жайлы ескі аңыз сюжетке арқау болған. Әйгілі дирижер В.А.Гергиевтің айтуынша, бұл заманауи қазақ музыкасы мен хореография өнерінің бетке ұстар туындысы болуға лайық.

 

Сонымен қатар көрермендерді П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы күтуде. Бар әлем тыңдармандарын Пушкинның «өлеңмен жазылған романының» керемет музыкамен берілген интерпретациясы таңғалдыруда.

 

Сөйтіп, «Астана Опера» театрының афишасы ұмытылмас қойылымдармен ұсынылған. Елордалық театрдың есігі әрбір жанға айқара ашық. Спектакльдер мен концерттер өнер сүйер қауымды асқақ өнердің сиқырлы әрі баурап алар әлеміне жетелеп, адам сенгісіз эмоциялар мен көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры