«Астана Опера» Өзбекстанда алғаш рет «Абай» операсын орындады

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы ташкенттік көрерменге аса жақын болып шықты. Асқақ өнерді бағалайтын өзбекстандықтар қазақ ұлттық классика жауһарын зор қуанышпен қабыл алды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осынау операны орындау – ерекше маңызды әрі өзекті болды. Спектакльді тамашалауға ниет білдірушілердің көптігі соншалық, 10 шілде күні Әлішер Науаи атындағы МАҮТ залында бос орын қалмады.

Мұндай жайттың болары әбден түсінікті. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлын Өзбекстан жұрты біледі, жақсы көреді. 2018 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвтың қаулысына сәйкес қазақ ағартушысының шығармашылық мұрасын кеңінен оқу және насихаттау жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылған еді.

Гастроль Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Гастроль алдындағы баспасөз жиынында «Астана Опера» МОБТ директорының бірінші орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеубек Әлпиев Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының достығы тек жекелеген гастрольдік спектакльдермен өнер көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар алдағы ынтымақтастыққа да жол ашатындығын атап өтті. Мысалға, «Астана Опера» мен Әлішер Науаи атындағы театр сахнасында өзбек және қазақстандық композиторлардың жауһар туындыларын сахналау мүмкіндігі туындайды.

Өзбекстандағы жетекші театрға жиналған жұрт Симфониялық оркестрдің мінсіз жұмысына жоғары баға берді, ұжымның тамаша орындауы көрерменді баурап алып, Абайдың шексіз керемет әлеміне жетеледі. Әйгілі маэстро, қойылымның музыкалық жетекшісі, аты аңызға айналған композитор Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаевтың партитураны жеткізе білуі ерекше: музыкалық материал анық-қанық түсіндіріліп, ой шыңының асқақ биігінде оқылған.

Операны Мұхтар Әуезовтың либреттосына ұлттық өнер мен әдебиеттің көрнекті қайраткерлері А.Жұбанов және Л.Хамиди жазған. 1944 жылы премьерасы өтіп, сыншылар тарапынан қазақ музыкалық жауһары деп танылған. Ол қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлының тіршілігі, құндылықтары, арман-мұраттары жайында сыр шертеді. Туындыда сол заманның тынысы, тұрмысы дәл жеткізілген.

– «Абай» операсы – ұлттық классика жауһары, композиторларымыз А.Жұбанов пен Л.Хамидидің асқар туындысы болып табылады. Ол өзбек көрермендерінің ерекше ықыласын тудырды. Біздің дәстүрімізді, мәдениетіміз бен рухани байлығымызды көрсету үшін спектакль гастрольдік афишаға енген. Мәдениеттің халқымызды жақындастыратынына сөз жоқ, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалды.

– Ең үлкен алған әсерім – бұл қойылым тобы мен әртістердің бұрынғы заманның салт-дәстүрлеріне ұқыпты әрі мейіріммен қарауы. Спектакльде ұлттық дәстүрлер сақталған, құрметтеледі әрі қадірленеді. Дауыстар да, хор мен оркестрдің дыбысталуы да тамаша. Декорациялар мен костюмдер де керемет әсерге бөледі, эскиздерді итальяндық суретшілердің жасауына қарамастан, маған ұнады, қазақ халқына тән ұлттық өзгешелік сақталған. Мұны сахнадан байқауға болады, орындаудан да сезіліп тұрды, – деп бағасын берді театртанушы, профессор, өнертану докторы Мухаббат Туляходжаева.

– Қуанышымда шек жоқ, мұндайды күтпеген едім, басынан соңына дейін өте қызықты болды. Қойылым керемет, өте тамаша дауыстар. Театр Ташкентте өте жоғары деңгей көрсетуде, шығармашылық ұжымдарымыз арасындағы байланыс нығая түсуі тиіс. «Астана Опера» шаһарымызда асқақ өнер мерекесін жасады, «Мадам Баттерфляй» операсына міндетті түрде барамыз, – деп атап өтті танымал өзбек журналисі, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Борис Бабаев.

– Дауыстардың сан алуандығы қандай, айшықты да мәнірлі әртістеріңіз қандай! Көпшілік қатысатын ауқымды көріністер, бірізді дауысты паш еткен мінсіз хор. Ажар партиясын орындаушы – Салтанат Ахметова өз партиясын өте шынайы орындап шықты, ол даусы өте қарқынды. Еуропадан АҚШ-қа дейінгі әлемнің кез келген сахнасында аталмыш спектакль үздіксіз қошеметке ие болады, – деді «Нуроний» қорының Ташкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Рустам Каланов.

– Әлем бойынша «Абай» операсының жанкүйерлері өте көп. Өзбек жұртшылығы әртістерімізді үлкен ілтипатпен, зор шаттықпен қабылдап жатқанына өте қуаныштымын. Ташкенттке осындай мәдени оқиғалар көбірек болса екен деген тілек бар, – деп бөлісті Tenge Bank АКБ басқарма төрағасы Аслан Талпақов.

Әртістердің вокалдық әрі актерлік шеберлігі ешкімді бейжай қалдырмағаны сөзсіз. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин Абайдың партиясын өте жоғары деңгейде орындады. Ол өзін осы партияда еркін сезінетіндігі барлық жағынан байқалып тұрды. Әртістің дауысы шарықтап, ым-

ишарасы жасанды емес, шынайы шықты. Жас шағына қарамастан, Сүндет Байғожин Абайдың даналығы мен ұлылығын жеткізе білді.

Айдар – халықтың бейнеті мен Абайдың жан күйзелісін арқалаған бейне. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш керемет сомдай алды. Ажардың партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова сахна төріне сенімді шықты, ол осы рөлді «Астана Операдағы» премьерасынан бері орындап келе жатыр әрі өз репертуарындағы ең маңызды рөлдердің бірі деп санайды. Әнші күрделі драмалық бейне жасай алды. Бейімбет Таңарықов, Талғат Ғалеев, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев пен Шыңғыс Расылхан тамаша орындаушылық шеберліктерін паш етті.

– Өзбекстандағы гастроль біз үшін аса маңызды, труппа сапарға шындап, байыппен дайындалды, өнерімізді лайықты деңгейде ұсынғымыз келді. Осы сәтке дейін көкейімде «Браво» деген дауыстар жаңғыруда. Өзбек достарымызға өнер көрсетуіміз де, ұлы авторлар М.Әуезов, А.Жұбанов, Л.Хамидидің туындысы да өте қатты ұнады, – деп атап өтті «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.

– Қалай боларын, қалайша өтетінін шамамен күткен едім, бірақ қателесіппін, көрермен қауым тіпті керемет қошемет көрсетті, бізбен бірге қуанды. Ұлттық операмызды осылайша жоғары, асқақтатып қабылдағаны қуантарлық жайт, – деп атап өтті Сүндет Байғожин.

Оркестр музыканттары мен хор әртістері ауқымды жұмыс атқарды. Олардың арқасында махаббат пен еркіндіктің салтанат құру идеясы керемет ашылды.

Көрермендер бірінші бөлімде көрсетілген таңғажайып кітапхана көрінісі арқылы Абай әлеміне енгендей әсерде қалды. Декорацияларды жасау жұмыстарымен суретші-сценограф Эцио Фриджерио (Италия) айналысты, оның сцеографиялық шешімдері таңғалдырудан танбайды. Егжей-тегжейлі зерделеніп, соңында Франка Скуарчапиноның (Италия) қолынан түпнұсқадай болып шыққан сахналық костюмдер ұлттық мұрағаттағы асыл қазыналардан кем емес.

Бұл қойылым Абайдың ғана емес, тұтастай қазақ халқының рух асқақтығын көрсетті. Операның соңы үлкен отаншылдық пен мақтаныш сезімін тудырды. Соңғы аккордтар дыбысымен залдағы тыңдарман қауым орындарынан тұрып, ду қол шапалақтарымен әртістерге қошемет көрсетті.

Екі халық мәдениетінің өзара кірігуі мен достығы туралы Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:

«Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жемісті ынтымақтастық қазіргі кезеңдегі жоғары деңгейге көтерілген тарихи достықтың қисынды жалғасы болып табылады».

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры