«Астана Опера», «Астана Балет» және Ресейдің Үлкен театры Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды

9 ақпан күні «Астана Опера» МОБТ-да «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов және Ресей Үлкен театрының бас директоры Владимир Уринның кездесуі өтті. Театрлардың бірінші басшылары Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды, бұл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдени стратегиясын жүзеге асыру жолындағы Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі жоспарларының бір бөлігі болып табылады.

Ынтымақтастық жөніндегі келісім келіссөздердің нәтижесінде орын алды, оған сәйкес тараптар бірнеше бағыттар бойынша серіктестікті дамытатын болады. Талқылау барысында театрлардың басшылығы бірқатар жобаларды белгіледі. Соның ішінде, «Астана Опера» және «Астана Балет» солистерінің Үлкен театрда өнер көрсетіп, тағылымдамадан өтуін сөз етті. Ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарына «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының алмасқан гастрольдері енді.

«Астана Опера» мен Үлкен театр арасындағы достық шығармашылық байланыс бұрыннан орын алғанын атап өтуге болады, ал 2017 жылы Мәскеуде театрлар арасында Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған еді, енді міне, тараптар Ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол жеткізді. Қазақстандық әртістер Мәскеудің әйгілі сахнасында бірнеше рет өнер көрсетті. Мысалы, «Астана Операның» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Дина Хамзина П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсында басты партияларды орындаған. «Астана Опера» балет этуалі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан 2017 жылы осынау айтулы сахнада өнер көрсетіп, ХІІІ Халықаралық балет әртістері мен хореографтары байқауының бірінші сыйлығын иеленді. «Астана Опера» театрының солисі Мария Мудряк 2018 жылы Үлкен театр сахнасында Дж.Пуччинидің «Богема» операсында дебют жасады.

Өз кезегінде, Үлкен театр солистері де астаналық көрерменді өз өнерлерімен қуанту бақытына ие болған. Айтар болсақ, прима-балерина Ресейдің Халық әртісі Светлана Захарова «Астана Операның» әлемдік тұсаукесеріне арналған гала-концертке қатысты. «Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев Ресей Үлкен театрының шақырылған дирижері екендігін атап өткен жөн.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры