«Астана Опера» әртістері аттестаттаудан өтті

 

«Астана Операда» балет әртістерін аттестаттау-байқауы өткізілді. Жұмыстың осындай жүйесі шығармашылық ұжымның біліктілігін растау мақсатында барлық жетекші әлемдік театрларда қолданылады. Бұл әртістерді әрдайым тыңғылықты қалыпта ұстай отырып, труппаның кәсіби деңгейін арттырады. Аттестаттау комиссиясының құрамына танымал бишілері, балет солистері, атақты балетмейстерлер Ирек Мухамедов пен Андрис Лиепа енді, комиссия төрайымы – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемге әйгілі прима Алтынай Асылмұратова.

Театр әртістері атқаратын қызметтеріне өз құқықтарын растаудың керемет мүмкіндігіне ие болды. Аттестаттауға барлығы 80 адам қатысты. Театрда жасалған жұмыс шарттары, шетелдегі гастрольдік сапарлар, репертуардағы спектакльдердің сан алуандығы, хореографияның айтулы майталмандарымен жиі өткізілетін шеберлік сабақтары орындаушылардың өсіп-өркендеуіне әрі дарынын одан әрі дамытуына мүмкіндік береді.

Шақырылған балет сарапшылары Ирек Мухамедов пен Андрис Лиепадан бөлек, комиссия құрамына балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев, тәлімгер ұстаздар Константин Заклинский, Елена Шерстнева, Рүстем Сейітбеков, Дамира Зайнуллина, Ғалия Бегалина енді. Комиссияның міндеті – труппаға әділ баға беріп, кәсіби дайындық деңгейін айқындау әрі әртістердің атқаратын қызметтеріне сәйкестігін анықтау.

– Біздің шешімімізге көптеген факторлар әсер етті. Бағалаудың негізгі критерийлері – әуенділік, әртістік, қимыл-қозғалыстарды дұрыс орындау, сабақты жалпы түсінуі, координация, ұстазды назар салып тыңдау қабілеті, тәртіп. Бағалау оңайға түскен жоқ, себебі алдымызда белгілі, қалыптасқан, кәсіби әртістер өнер көрсетті. Әрине, жетекші солистерден үлкен үміт күтілді, олар жаттығу кезінде кордебалет әртістері мен солистерге үлгі болуы тиіс. Аттестаттау труппаны жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік берді. Труппаның барынша маңызды деңгейде екенін нақты айта аламын, – деді комиссия мүшесі Ирек Мухамедов.

– Мұндай іс-шараларды өткізу – керемет идея, шын мәнінде әртістерге баға беру қажет, мәселен, Париж ұлттық операсының балет труппасында жыл сайын аттестаттау өткізілетінін білемін. Жақында ғана бірлесіп жұмыс атқарған барша әртістерді көргеніме қуаныштымын. Олар Мәскеудегі Кремль сарайында М.Фокиннің «Шехеразада» балетімен тамаша өнер көрсетті. Бұл естен кетпес күшті әсер туғызды, олар нығыз дайындықпен билеп шықты, мен қатты тәнті болдым, әлі күнге дейін барлығынан құттықтаулар естудемін, сол жалынды сөздердің бәрін Алтынай Асылмұратоваға жеткіздім. Труппаға көңілім толды, бес балдық жүйе бойынша ең жоғары бес деген баға қояр едім, – деді Андрис Лиепа.

Аттестаттау аясында әйгілі балет әртісі, педагог, хореограф, Ресейдің Үлкен театры мен лондондық Корольдік балеттің премьері Ирек Мухамедовтің шеберлік сабақтары өткізілді. Балетмейстер өзімен көптен бері таныс балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың серіктестік құруға шақырғанына өте қуанышты екендігін атап өтті.

– Күн сайынғы классикалық би сабақтары, ең алдымен, әртістерге спектакль дайындықтары алдында денелерін қыздыруы үшін қажет. Екінші жағынан, балет сыныптарында қимылдарды дұрыс орындау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатады. Сабақ өткізу кезінде мен орыс, батыс еуропалық мектептермен жүргізген жеке тәжірибеме сүйенемін. Бұдан бөлек, бишілердің сол күнгі жалпы хал-жағдайын да ескеру керек. Мен үшін бірінші кезекте әртістердің ақыл-ой қабілеті маңызды. Негізгі міндеттердің бірі – әртістерге өзін-өзі түсінуге көмектесу мүмкіндігі, бұдан да жақсы болуға деген ұмтылыс әрбір әртіске кез келген асуларды бағындыруға жол ашады, – деп бөлісті Ирек Мухамедов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры