Артем Голубев: «Мен үшін «Астана Опера» сахнасында Каварадосси партиясында дебют жасау үлкен бақыт»

Башқұртстан опера және балет театрының солисі Артем Голубев «Астана Опера» сахнасында Дж. Пуччинидің жауһар туындысы – «Тоска» операсындағы Марио Каварадосси партиясын алғаш орындайтын болады. Спектакль 20 қаңтарда театрдың Үлкен залында өтеді.

Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Артем Голубев қазақстандық көрермендерге Ж.Бизенің «Кармен» операсындағы Дон Хозенің партиясын орындауы арқылы таныс болған. Вокалистің ауқымды репертуарында Дж.Пуччини, Дж.Верди, Ж.Массне, Ш.Гуно, П.Чайковский, М.Мусоргский, А.Бородин, С.Рахманинов, Н.Римский-Корсаков, М.Глинка, С.Баневич және т.б. композиторлардың операларындағы тенорлық рөлдер бар.

Артем Голубев беделді әлемдік сахналарда өнер көрсеткен. Солист Ф. Мастранджело, М.Гюттлер, Т. Курентзис, Т. Зандерлинг, М. Боэми сынды халықаралық деңгейдегі дирижерлермен әріптестікте жұмыс жасаған. Танымал «XXI ғасыр тенорлары» жобасының қатыушысы (Мәскеу). 2015 жылы Ресейдің Үлкен театрының сахнасында сәтті дебют жасап, Ш.Гуноның аттас операсындағы Фауст партиясын орындаған.

Каварадосси партиясы әртістің репертуарында ерекше орын алады. Романтикалық, азат қаһарман, оған, әсіресе, жан-дүниесімен және әлемді қабылдауымен жақын. Артем Голубевті көптеген шетелдік театрлар дәл осы рөлде өнер көрсетуге жиі шақыратыны таңдандырады.

Бұл музыкалық тұрғыдан алғанда қарапайым партия емес, оны орындау белгілі бір техникалық және вокалдық дағдыларды талап етеді. Алайда мұндағы ең күрделі міндет – осы әсерлі бейнені құрайтын көңіл-күйді жеткізу болып табылады. Марио Каварадосси – ерекше кейіпкер, суретші, жасампаз, рухы биік тұлға. Сонымен қатар бұл жан-жүрегімен жақсы көретін, сатқындық жасай алмайтын, әділеттілік үшін өмірін қиюға дайын жан. Осы оқиғаны басымнан өткерген сәттерде өзімнің бар өмірімді қайта қарап шығамын, бойымды әлдебір тылсым күш билеп, өмір құндылықтарына басқа қырынан қараймын. Мен үшін «Астана Опера» сахнасында ерекше классикалық қойылымдағы осы партияда дебют жасау үлкен бақыт, – деп атап өтті Артем Голубев.

Флория Тоска партиясында «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маргарита Дворецкая өнер көрсетеді, зұлым Скарпиа рөлінде опера труппасының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Евгений Чайников. Анджелотти; Түрме қызметкері – Болат Есімханов, Шіркеу қызметкері – Шыңғыс Расылхан, Сполетта – Рамзат Балакишиев, Шарроне – Самат Жарылқасынов, Бақташы бала – Қажымұрат Еркін. «Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Спектакльдің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры