Алан Бөрібаев «Италиядан келген хаттар»

6 қаңтар күні «Астана Опера» театрдың бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жаңа бірегей жобасын ұсынады. «Италиядан келген хаттар» опералық-симфониялық концертінде осынау ғажап елде болған кездерінде жазған ұлы композиторлардың хаттары арқылы сазгерлердің өздері жайлы сыр шертіледі.

Концерт бағдарламасында опера солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Медет Чотабаев, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова мен маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің орындауында орыс және батыс еуропалық классик композиторлардың опералық әрі симфониялық туындылары шырқалады.

– «Италиядан келген хаттар» жобасы Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлемде де алғаш рет ұсынылмақ, осынау ерекше концертті өткізу идеясы қалай туындады?

– Шығармашылық өмір жолымда орындайтын барлық туындыларыма дайындалу кезінде әрдайым өмірбаяндық әрі тарихи материалды тыңғылықты зерделеймін. Бір қызығы, өткен дәуірдегі ұлы композиторлардың әрқайсысында орасан зор эпистолярлық мұра болған. Хат жазу өнері, бұл жерде мен «өнер» сөзіне ерекше көңіл аударамын, бұған адамдар аса қымбат қабілет ретінде қарап, бағалаған. Электрондық хаттар мен мәтіндік хабарламаларға дейінгі заманда әрбір хат өзіндік қағидалары бар шағын өнер туындысы ретінде болған. Хаттардың үздік үлгілері әдебиеттің жекелеген жанрына тиесілі болуы мүмкін. Оны өз отбасымнан білемін, себебі арғы атам Ахмет Жұбанов тиянақты адам болған, ол ешқашан хатты бір нұсқада жасамаған. Оны баспа машинкасымен жазған, әлі күнге дейін үйімізде оның атам Болатқа Мәскеуге, қызы Ғазизаға жазған хаттары сақтаулы тұр, ол әрдайым бір хаттың екі данасын басып шығаратын. Оның үстіне, бір данасын өзінде қалдыратын. Сол кезде адамдар хат жазу сынды қарапайым дүниелерге аса құрметпен қарайтын еді.

– Концерттерім алдында алғысөз айтқанды жақсы көремін, алайда өздерінің баспагерлері, дос-жарандары, отбасы мүшелері, сыншылары бар ұлы композиторлардың «тонна» хат-хабарларын оқи отырып, бұдан, ең алдымен, кейін ноталардан, музыкадан танылатын композитордың мінезін байқауға болады. Сонымен қатар дәуір тынысын да сезініп, адамдардың сол кезде хаттарды қалай жазғанын көре аласың. Осылайша, бұл концерттің идеясы хаттарды оқып зерделеуден туындады. Композиторлар өздері жайлы, сол заман туралы, сондағы туындылар жайында неге өздері айтпасқа деген ой келді, яғни олар өздерінің музыкасымен ғана емес, сондай-ақ хат жолдары арқылы өз дауыстарымен бізге сыр шертетін болады. Әрине, осының барлығын біріктіретін тақырып – Италия болды.

– Неліктен дәл осы ел?         

– Себебі бұл ел – қазіргі біздің түсінігіміздегі өнердің туған жері. Барлығы Италияны жақсы көрді, ұлы суретшілер, композиторлар, жазушылар осынау керемет жерге келіп, шабыт алатын. Мысалы, Ж.Бизенің хатынан оның қысқа уақыт ішінде осы жерден білген-түйгені көп екенін оқи аламыз. Немесе, П.И.Чайковскийді Рим пинакотекасы мен Сикстин капелласы шабыттандырады, алайда итальяндық жұмыстардан әсер алған ол орыс классикасының алтын қорына енген симфониялық және опералық жауһарларды жазады. Өзара сан алуан көптеген адамдар үшін Италия өнер мен шабыттың бесігі болып табылады. Олардың кейбірі өзара кездескен, ал біреулерінің жолы әлі тоғыспаған, алған әсерлері де әртүрлі, бірақ олардың ешқайсысын Италия бей-жай қалдырмаған. Бұдан бөлек, Италия – күн шуағы төгілген ел, сондықтан қаңтар айында тыңдарман назарына өте жылы, ыстық әрі қуанышты дүние ұсынғым келді.

– Эпистолярлық жанр – жабық жанр, баршаға қызықты бола қоймас тақырыптар да бар, Сіз хаттарды қалайша іріктедіңіз?

– Шынымен де, кез келген хатты көпшілік алдында оқи салуға болмайды. Нақты бір адресатқа бағытталған нәрселер бар, қандай да бір хаттар тіпті жеке сырға толы, кейбіреуін мүлде оқуға болмайды. Мені қызықтырғаны – Италия туралы адамдардың әсерлері. Міндетіміз – әдеби кеш жасау емес, керісінше хаттардың композитор тұлғасын анықтай түсуі, оның музыкасын адамдар жаңа ғана оқыған немесе естіген дүниесі арқылы қабылдауы.

– Музыкант ретінде сізді Италия шабыттандыра ма?

– Әйеліммен, ұлыммен Флоренцияда кезекті рет болғанымда, алдағы концертім туралы идея келді. Біз танысымыздан қаланың көрнекі жерлерін аралатудың орнына «Пиковая дама» шығармасын жазған П.И.Чайковскийдің үйіне апаруын сұрадық. Танысымыздың өзі қалаларында осындай жердің барын білмеген екен. Мен үшін «Пиковая дама» – жаныма жақын, қымбат шығарма ғана емес, сонымен бірге Франциядағы Лион опера театрында 2003 жылы опералық дирижер ретінде дебют жасаған алғашқы операм. Композитор  неліктен осынау ұлы орыс операсын мүлде басқа атмосфера тұнып тұрған, Медичи отбасы мен барлық әйгілі флоренциялықтардың, мәселен, Микеланджелоның ықпалы сезіліп тұратын Флоренцияда шығарғаны мен үшін қызық болды. Неге дәл осы жерде Петр Ильич өзінің «нағыз петерборлық» операсын, соңғы туындысынан бұрынғы опера жауһарын жазды? Бұл бір ерекше күш, өзгеше шабыт еді. Итальяндық өнер сол замандағы шығармашылық адамдарын қалай да біріктірді ме деген ойға қалдым. Не себепті Ресей, Франция, Австриядағы адамдар Италияға шабыт іздеп барады? ХІХ ғасырдағы пойыз немесе жүк арбалармен баратын болса, жол жақын емес. Бұған қоса, концертімізде тек итальяндықтар ғана болмайды, елге деген көзқарасты іштей де, сырттай да көрсеткіміз келеді. Француз композиторы Ж.Бизе Римге ғашық болып, одан кейін Неаполь ұнамай қалатынын жазады. Бірақ анасына жазған хатында ол түсінде Парижді көретінін айтып аяқтайды. П.И.Чайковскийдің де басынан осыған ұқсас жағдай өтеді. Италияда бола тұрып, ол өз отанында орын алып жатқан жағдайларға ерекше қызығушылық танытады. Сондай-ақ итальяндық Дж.Россини керісінше, ең танымал тұлғаларды бірі, көзі тірінде классик саналған өз отанында тамаша өмір сүру мүмкіндігі болса да, өмірінің екінші жартысын Парижде өткізді. Кішкентай Моцарт өз хаттарына екі қайтара қолтаңба қояды – «Германиядағы Вольфанго» және «Италиядағы Амадео». Еуроодақ құрылғанға дейін екі жарым ғасыр бұрын Моцарт өзін еуропалық сезінген тәрізді. Бұлар өз заманынан оза туған, тіпті белгілі бір дәрежеде георгафияға бағынбай туған адамдар еді. Десек те, олардың бәрін толғандырған Италия болатын, ол жаққа шабыт іздеп аттанатын.

– Алдағы кештің бірегейлігі – Сіздер әлемде ешбір жерде шырқалмайтын сирек дүниені – Джузеппе Вердидің 1867 жылғы «Дон Карлос» француздық түпнұсқа операсынан балеттік музыканы орындайтын боласыздар.

– «Астана Опера» театрында итальян тілінде жазылған 1884 жылғы құрылымында балеті жоқ миландық нұсқасы өтіп жатыр. Себебі балетке арналған музыка 1867 жылы Париждегі премьера үшін француз операсына арнайы жазылған. «Гранд Опера» немесе Вердидің өзі мысқылдап атағандай «Гранд Бутик» үшін опера жазған композиторлар міндетті түрде екінші бөлімінде балетке арнап музыка жазуға мәжбүр болатын. Неміс Р.Вагнер Парижге «Тангейзер» операсын апарғанда орын алған үлкен дау-дамай ойға оралады: композитор екінші бөлімде балетті қоспайтынын айтқан, француздар мұны барып тұрған сыйламаушылық деп санаған. Бүгінгі таңда «Дон Карлос» барлық жерде түрлі нұсқаларда қойылады, алайда төрткүл дүниеде ол балетсіз өтеді. Ал мен болсам 1867 жылғы нұсқадан балетке арналған музыканы орындағым келді, раритетті Вердиді көрсету үшін ғана емес, балет музыкасының өзінде қызықты оқиға бар және ол бірегей әрі атақты зергерлік әшекеймен, «Ла Перегрина» (Паломница) деп аталатын әйгілі інжумен байланысты.

– Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.

«Ла Перегрина» інжуі салмағы 50 караттан артық және тарихы 400 жылдан астам уақытқа созылатын әлемдегі ең үлкен інжулердің бірі болып табылады. Латын Америкасынан табылған маржанды испандық патша Екінші Филипп («Дон Карлос» операсының басты кейіпкерлерінің бірі) сатып алады да, оны «Испан Тәжінің інжулері» деңгейіне дейін асқақтатады және дәстүрлі түрде осы інжумен испан патшайымдары портретке түскен. Оны Рубенс пен Веласкестің қылқаламынан шыққан корольдік портреттерден көруге болады. Бонапарттың Испанияға басып кіруінен кейін «Перегрина» Францияға өтеді де, Екінші Империя уақытында Үшінші Наполеон мен оның жұбайы Евгения патшайымның иелігіндегі зергерлік топтамалардың салтанатты әшекейіне айналады. Дәл осы кезде Верди «Дон Карлосты» жазған, ал императорлық жұп​ сарайдағылармен бірге Парижде орын алған операның премьерасын тамашалайды, онда міндетті балет диверсименті кезінде келесі оқиғалар желісіне куә болады:​

«Теңіз түбінде жатқан керемет Інжулерді қызғаншақ Толқындар күзетеді. Жас балықшы оларды іздеп табамын деген үмітпен теңіз түбіне жүзеді, алайда оған мұны жасауға Теңіз әміршісі жол бермейді. Кенеттен жас паж пайда болып, Екінші Филипп атынан оған өзінің жұбайы, Испания патшайымына лайықты ең керемет інжуді тауып әкелуді бұйырады. Теңіз әміршісі жеңіліс тауып, балықшы жалғыз лайықты «Перегрина» інжуін қолға түсіріп, Елизавета Патшайымға табыстайды.»

Алайда 1867 жылы операның жоғары шенді тыңдармандары үшін ​Парижде балеттің аллегориясы түсінікті болды – француздық сарайдың нағыз інжуі шығу тегі испандық​ Евгения патшайымның өзі еді, айта кетер болсақ, оған «Дон Карлос» мүлдем ұнамаған, атап айтқанда, Вердидің операда испандықтарды бейнелегені көңілінен шықпаған. Ал «Перегринаның» өзіне келетін болсақ, кейінірек ол​ Франциядан Англияға өткен, онда бірнеше иелерін ауыстырған, Әулие Валентин күні Ричард Бертон өзінің жұбайы, атақты Элизабет Тейлорға сыйға тартқан, ол оны тіпті жоғалтып та алған. Соңғы рет «Перегринаны» 2011 жылы аукционда көрген.

Вердидің 1867 жылғы «Дон Карлосынан» «Ла Перегрина» балеттік музыкасының орындалуы әлемде сирек орын алатын оқиға болып табылады, сондықтан оны 2020 жылғы 6 қаңтарда «Астана Опера» театрында тыңдаудың айрықша мүмкіндігі туындайды.​ Айтпақшы, осы нөмірмен бірге бұл концертте біз орындайтын басқа тағы бір тамаша нөмір үндесіп жатыр. Бұл Жорж Бизенің «Інжу іздеушілер» операсынан Лейланың ариясы болмақ!​ ​ ​ ​ ​

– Сіз Италияда​ жиі боласыз, сол елде жүріп өзіңіздің туғандарыңызға​ хат жаздыңыз ба және біз олардың бірін осы концертте ести аламыз ба?

– Мен КСРО бас хатшысы Брежнев болған кезеңде дүниеге келдім,​ туыстарым мен жақындарыма өзімнің қалай қолмен хат жазғаным есімде. Кейінірек, 90-жылдардың басында біз факс сатып алдық, сол кезде де​ мен хатты қолмен жазып, бірақ факспен жіберетін едім. Бәлкім, қазіргі заманның музыканттары мен музыкатанушылары бүгінгі және болашақтағы «моцарттар мен чайковскийлердің» электрондық пошталары мен мәтіндік хаттарын зерделейтін болар. Ал бүгінгі таңда, тағы да тұспалдап жеткізетін болсам, менің хатым – бұл 2020 жылы 6 қаңтарда «Астана Операда» қымбатты тыңдармандарыма жолдайтын «Италиядан келген хаттар» атты концертімнің өзі.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры