«АБАЙ» – ҚАЗАҚ ОПЕРАСЫНЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Арқадан Алатауға «Астана Опера» солистері гастрольдік сапармен келді. Араға төрт жыл салып ат басын бұрған ұжым келешекте жыл құсындай келіп тұрмақ. Өнер ұжымы мәдени астанаға келген бетте сапардың жай-жапсарын, тосынсыйын сүйіншілеп, БАҚ өкілдеріне жиын өткізді. «Астана Опера» мемлекеттік және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров қазақтың «Абайы» операның отаны Еуропаны таңғалдырып қайтқанын қуана жеткізді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан опера кешіне ағылған елдің қарасы көп.

Сонымен, өнер сапарының алғашқы күні қара шаңырақтың шымылдығы «Абай» операсымен ашылды. «Абай» – сонау 1944 жылдан бері сахналанып келе жатқан опера. Қойылымның ғұмырлы болуының мәні – аға буынның аманатын бүгінгі ұрпақ көздің қарашығындай сақтап келе жатқандығы. Бұл жолғы «Абай» бұрынғы «Абайдан» өзгерек. Себебі, қазақ операсы қарыштап даму үстінде. Кешегі қазақ операсының ізбасарлары жетерлік. «Абай» – қазақ өнерінің шыңы. Қазақ музыкасының қара нары Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайы» – ұлттық классика. Опера жазушы Мұхтар Әуезов­­-тің либретто желісімен жазылған. Қазақтың ақыны, ағартушы, философ Абай Құнан­байұлының «соқтықпалы, соқ­пақ­сыз» ғұмыры баяндалады.
Операның дирижері – тектінің тұяғы, маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев. Аланның «Абай – қалқиған, қабағы түксиген ескерткіш емес, тұнған тарих, сәулелі ғұмыр, бір ұлттың бүтін та­рихындай тағдырлы тұлға» деуі тегін емес. Абайдың дегдарлығын сазбен жеткізген ең­бегі ерекше. Бір қауым музыкант – ор­кестрді бір өзі ұршықша иірген шеберлігіне көрермен таңдай қақты. Оркестр Абайдың ғұмырын күйдің құдіретімен «Алатау жа­пырылып, Атлант сапырылғандай» жет­кізді.
«Абай» операсында ақын өмірінің бір ғана кезеңі сипатталады. Сахнадағы оқиға жастайынан атастырылған, бірақ болашақ күйеуі қайтыс болған Ажардың ғашығы Айдармен бірге Нарымбеттің ашулы туыс­тарынан жасырынуынан бас­талады. Ажар салт бойынша оның інісі Нарымбетке күйеуге шығуы тиіс еді. Орта жолда ас­тындағы аты өлген Айдар Абай ауылына жақын қалғанда, қуғыншылардан қашып құтылмасын сезіп, ескі мазарға жасы­ры­нады. Айдар Ажардың жалғыз қа­шып кетуін өтінген ұсынысынан «Өмір бойы масқара болғанша, өлгенім артық» деп бас тартады. Іле-шала ұрда-жық қу­ғыншылар өкшелеп қуып жетеді. Айдарды атқа сүйреп өлтірмекке бекінеді. Қос ға­шықтың қош айтысып, айырылудан өзге амалы қал­май­ды. Шарасыз шаршы топта қалған Айдар ұстазы Абайды шақырады. Абаймен бірге Көкбай, ақсүйек Әзімдер ілесе келеді. Абай Көкбайға арқанды кесуді бұйырады. На­рымбеттің туыстары рубасы Жиреншенің төрелігімен ата салтқа иек артқанды жөн санаса, Абай әділдігін халық соты айтсын дейді. Жиренше Айдар мен Ажарды боса­тып жібергенімен, Абайға айтқаның бола қоймас деп сес көрсетеді. Итжығыс өмірді таразы басы теңдей алмай тұрған сәтте адам­гершілігінен іштарлығы басым Әзім Жиреншенің ығына жығыла кетеді. Ажар­дың арман-мұңын тыңдаған Сырттан би үкімін кесіп айтпай, кейінге қал­дырады. Абай жастарды қорғап қалуға бекінеді. Халық сотына Ажар мен Айдар­дың тағ­дырына алаңдаулы бір қауым ел алдында Сырттанның ескі заңды жақта­ғанына Әзім қарсы шығады. Ажар Жібек пен Баянның күйін кешпесе екен деген тілегін жеткізеді. Руаралық қақтығыс туындамас үшін Айдар­ды кешіруге үндейді. Бірақ дала заңы бұ­зылмауы шарт деген мақсаттағы Жиренше Айдарды өлім жаза­сына кескісі келеді. Еңлік пен Кебекке өлім жазасын кескен Кеңгірбай бидей Жи­рен­ше көне заңды теріске шығарған көпшілікті қолдаған Абайға кінә артады. Сырттан би жастарды өлім жазасына кес­пейді. Абай ат-шапан айыпты өз мойнына алады. Ажар мен Айдардың кінәсін алып тастайды. Той қарбаласының қалтары­сында Нарымбет Жиреншеге у береді. Нысана – Айдар… Беташар, ән-күйді құй­қылжытып, ұлан-асыр той салтанатында уды қызғаныштан қарауытқан Әзім Айдар­ға ішкізудің ебін табады. «Айттым сәлем, Қаламқасты» шырқаған Айдар кенеттен кескен теректей сұлап түседі. Тосын жай торқалы тойдың шырқын бұзады. Айдарға астыртын у берген Әзімнің әрекеті әшкере болып,
ат құйрығына байланып, жаза­ла­нады. Айдарын жоқтаған Ажардың зарына халық егіледі. Абай түнектен жол табарға тал­пынып, алас ұрады. Халқының келе­шегіне үмітпен қарайды. Күдігі үмітке, ар­маны сағымға айналмасына сенім артады.
Абай партиясын баритон дауысты Сүндет Байғожин шырқады. Айдар –халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхам­-бетов, Ажар – опера примасы Майра Мұха­медқызы мен хас талант Салтанат Ахметова, рубасы Жиренше – Қазыбек Досмұхамедов, Абайдың туысы әрі шәкірті Әзім – Рамзат Балакишиев, ақын Көкбай – Талғат Ғалиев, Абайдың жақыны Қарлығаш – Татьяна Вицинская, Сырттанды Болат Есімханов­тар нақышына келтіріп сомдады. Операны қоюшы режиссер – итальяндық Джанкарло дель Монако, режиссердің кеңесшісі – Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұқан Обаев. Бас хормейстер – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Операны тотықұстай түрлендіріп, безендірген – атақты сценограф Эцио Фрид­жерио мен сахналық костюмдер су­ретшісі – «Оскардың» иегері Франка Скуар­чапино. Қоюшы хореограф – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Тұр­сынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева. Абайдың дәуірін көрерменнің көз алдына қас қағымда сан құбылтқан сахнаның сыр­тындағы әрбір маманның еңбегі ұшан-теңіз. Қазақтың тұрмыс-салтын жақұттай жарқыратып көрсетті. Бұған дейін тарихи дүние сахналанса, «бір кем дүниесін» айтып шыға келетіндер аузына құм құйылғандай жым-жырт. Қазақ тіліндегі «Абайдың» орыс, ағылшын тілдеріндегі синхронды аудармасы экранда ұсынылды. Қазақтың өнері, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті мен әдебиетінің жұлдызы жарқырады.

Aikyn.kz

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры